Әдетте сонау Нидерланды елінен жеткізілетін гүлдерді енді өзіміздің өңірде өскен, жұпар иісі аңқыған өсімдіктер алмастырады. Ақтоғай ауданының тұрғыны Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жоғары сұранысқа ие болатын қызғалдақтың түр-түрін жылыжайда күтіп, баптады. Бұған дейін біздің облыста гүлдер ауылдағы жылыжайда өсірілген емес. Енді өзге сәндік өсімдіктер мен көкөністі де жергілікті нарыққа жөнелтуді жоспарлап отыр.

Ақтоғай ауданына қарасты Қараоба ауылының тұрғыны Махмұд Тұрсын – ақпараттық технология бойынша жоғары білімі бар білікті маман. Облыстың дарынды балаларға арналған мектебін үздік тәмамдап, еліміздің алдыңғы қатарлы университетінде білім алды. Кейін өзі туып-өскен ауылға оралып, жеке кәсіп бастауды жөн деп шешті.

– Біз бірнеше жыл бойы 8 наурыз мерекесі қарсаңында голландиялық қызғалдақтарды әкеліп, өзіміз өсіріп, сатылымға шығаратын едік. Кейін тек саудамен шектеліп қалмай, өзіміз де өсіруді жөн деп шештік. Осы мақсатта Алматы, Шымкент қалаларында өткен гүл өсіруге қатысты форум, курстарға қатысып, технологияны меңгеріп, білім алдық. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне иек арттық. Қаржылай қолдаудың нәтижесінде идеямыз сәтті жүзеге аса бастады. Бүгінде жұмысымыздың нәтижесі – қызғалдақ гүлінің 16 түрі жылыжайымызда жайқалып тұр, – дейді «Кереку Flowers» ЖШС басшысы.

Жас кәсіпкер бизнес жобасын жүзеге асыру үшін 1,2 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысты. Сондай-ақ, 20 млн теңге көлемінде жеке инвестиция салды. Нәтижесінде заманауи үлгідегі жылыжайды аз уақыт аралығында салды. Өзі ақпараттық технология саласының білікті маманы болғандықтан, бұған дейін бар білген-түйгенін пайдаланды. Жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрайтын жылыжайда температуралық режим, жарық, басқа да параматрлердің барлығы автоматты түрде реттеліп, бақыланады. Ауа желдеткіштері мен фитошамдар да орнатылған. «Ақылды пеш» пен «Вулкан» радиаторлы желдеткішті де қолданыпты.

– Әдетте гүлдер оңтүстік өңірлерде өсіріледі. Дей тұрғанмен, біз солтүстік аймақтардың климаты, суы мен топырағы да өсімдіктерді жайқалта алатынын дәлелдеуді қаладық. Ол үшін қызғалдақ тұқымын Нидерланды елінен тапсырыспен алдық. Өзіміздің Ертістің суын, кәдімгі қара топырақты пайдаландық. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында діттеген мақсатымызға жеттік. Ауылдың балалары да голландиялық гүлдерден кем түспейтін қызғалдақты өсіре алады. Жалпы, қазіргі таңда кәсіп бастауға ниетті жастар үшін мол мүмкіндік бар. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, тетігін таба білсе, ауылда да тиімді жобаны қолға алып, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады, – деді жас бағбан.

Бүгінде Махмұд Тұрсын мен серіктесі Нұрай Әлім жылыжайда 100 мың түп қызғалдақты өсірді. Оған бір жарым ай көлемінде уақыт қажет болды. Алдымен өткен жылдың қараша айында тұқымды салды. Ол екі апта аралығында тамыр жайған соң жылыжайды толығымен консервацияға қойды. Бұл уақыт аралығында ешқандай жұмыс атқарылған жоқ. Қызғалдақ өсіру технологиясының басты талабы сондай. Ал жылдың басында жылыжайды қайта жылытып, температуралық режимді реттеді. Нәтижесінде ақпан айының соңына қарай алғашқы өсімдік жайқалып шыға келді. Бір қызығы, қызғалдақ салқын климатты «жақсы көреді». Аязға де төзімді. Ол үшін қолайлы температура – 12-14 градус.

Бүгінде жылыжайдағы 45-60 сантиметрлік ақ, сары, қызыл, күлгін, қызғылт, алқызыл түстес қызғалдақтар көздің жауын алады. Оның бір талының бағасы 300 теңгеден басталады. Біздің өңірде алғаш рет өсірілген қызғалдаққа деген сұраныс жоғары. Көпшілік ерте тапсырыс беріп, алдын ала «талап» алып та жатыр.

Бірақ қызғалдақты жылына тек бір рет алуға болады. Жас бағбан қалған уақытта гүлдердің басқа түрлерін өсіруге бейілді. Ол үшін алдымен тәжірибе жасап көрмек ойы бар. Қияр мен қызанақты да жергілікті нарыққа жөнелтуі әбден мүмкін. Бір анығы, жылыжай бос тұрмайды. Жас кәсіпкердің оны кәдеге жаратуға қатысты тың идеясы жетерлік. Тек қаржылай қолдау болса болғаны. Айтпақшы, Махмұд Тұрсын өзі де жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тұрақты 10 және уақытша 10 жұмыс орны ашылды. Аудан басшылығы бағбанның ауылда дөңгелетіп отырған ісін құптап, оны одан әрі кеңейту үшін жан-жақты көмек көрсетілетінін білдірді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА