Әскер мен қоғам арасындағы алтын көпір

Там 6, 2026

Әскери қызмет –  сарбаздың ғана емес, оның отбасының да зор жауапкершілігі. Осы орайда әскери бөлімдер жанынан құрылған аналар ұйымы жас жауынгерлердің әлеуметтік-психологиялық ахуалына көңіл бөліп, олардың әскери өмірге бейімделуіне қолдау көрсетіп келеді. Ұйым мүшелері бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың жағдайын бақылап, олардың ата-аналары мен әскери бөлім арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Мұндай бағдарламалардың бірін облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің ақ жаулықты әжелері жүргізеді. «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің жауынгерлермен рухани байланыс орнатқандарына бесінші жыл болған. Бірлестік төрағасы Бақытжамал Максилова «Өскелең ұрпаққа — өнегелі тәрбие» деп аталатын бағдарламаның жұмысы жайлы толығырақ айтып берді.

— Отан алдындағы қызметін өтеу – әр азаматтың міндеті. Бүгінде осы бір қасиетті борышты атқаруға жастардың онша пейілі соға бермейді. Бұл да қоғамның бір жаңсақ пікірдің соңынан еріп келе жатқанының көрінісі болар. Ата-ана баласына жанында жүрсе де алаңдайды. Ал мүлдем басқа қалаға, ұзақ уақытқа, қызметтік баппен жіберу —
бөлек әңгіме. Міне қоғамда осындай бір нәзік тақырыптар пайда бола бастаған соң біздің «Нұр-Ана әлемі» бірлестігі әскери бөлім мен ата-аналар арасында байланыс орнатуды жөн санадық. Біздің ұйымдастыратын кездесулеріміз жас сарбаздармен  ғана емес, бөлімше командирлерімен, психологтарымен де тікелей байланысты. Кейде оларға да ақыл-кеңестерімізді айтып отырамыз, —
дейді ол.

Аталған бағдарлама бойынша әжелер облысымыздағы Шығыс өңірлік басшылығына қарайтын №5512, №6679 әскери бөлімдеріндегі сарбаздарды күтіп алу, шығарып салу, ант қабылдау рәсіміндерінің барлығында белсенділік танытады. Аналар кеңесі сарбаздардың ата-аналарымен де тұрақты байланыста болады. Егер сарбаздың жақындарын уайымдататын жағдайлар болса, әжелер бірден бөлімше басшылығына байланысқа шығады.

Кейде сарбаздар арасында офицерлер мен психологтарға айта алмаған сөздерін осы аналармен бөлісетін жастар кездеседі. «Бұл қандай да бір қорқыныштан немесе әлсіздіктен емес, олардың бізді өз әжелеріндей көріп, сырласуынан» — дейді бірлестік төрағасы.

— Сарбаздармен кездесу барысында бізде ашық диалог өрбиді. Кейде өздерін толғандырған сұрақтарын қояды. Олар – тек казарма төңірегінде емес, жалпы өмір жайлы тақырыптар. Қандай адам болу керек, қандай жар таңдау керек дегендей өз сауалдарын еркін қояды. Біз әскери бөлімдерде ғана емес, жалпы жастар санасына кері әсерін беретін кеселді әдеттерден аулақ болу жайлы бар білгенімізді айтамыз. Оның ішінде сарбаздар ысырапшылдық жайлы ойларымен жиі бөліседі, —
деді ол.

Қоғамда әскери қызметке қатысты түрлі пікір қалыптасып жатқан кезеңде аналар бірлестігі секілді қоғамдық ұйымдардың рөлі айрықша. Олар әскери сала мен азаматтық қоғамның арасындағы алтын көпірге айналып, екі тараптың өзара түсіністігін нығайтуға қызмет етеді. Ұйым мүшелерінің белсенділігі сарбаздардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, әскери қызметтің ашық әрі әділ ұйымдастырылуына, қоғамдық бақылаудың күшеюіне де ықпал етеді. Мұндай бастамалар әскери бөлімдерге деген сенімді арттырып, жастардың әскерге баруға деген көзқарасының оң қалыптасуына әсер етеді. Ең бастысы –
сарбаздың артында оны қолдайтын отбасы мен қоғам бар екенін сезіндіру арқылы әскери қызметтің адамгершілік құндылықтарын дәріптейді.

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Шаханқызы кейбір сарбаздардың отбасылық қуаныштарына да арнайы қонақ ретінде барып қайтқандарын айтты.

— Сарбаздарды шығарып салу, ант қабылдау салтанаттарында ата-аналары мен балаларының ерекше құрметі, қимай қоштасуы біздің де жүргімізді елжіретеді, — дейді.

Шынымен де, сарбаздың әскери борышын абыроймен атқаруы – әскери бөлімнің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан аналар бірлестігі сияқты қоғамдық ұйымдардың жұмысы ерекше маңызға ие.

Павлодар облысындағы аналар бірлестігі өңірдегі сарбаздармен байланыс орнатумен шектелмейді. Ұйым мүшелері еліміздің өзге облыстарындағы осындай бірлестіктермен де тұрақты қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасып келеді. Жуырда қызмет бабымен басқа өңірлерге ауысқан әскери қызметшілердің өтініші негізінде аналар бірлестігі жоқ қалаларда осындай қоғамдық ұйымдардың құрылуына қолдау көрсеткен. Осылайша, олар әскери бөлімдер мен сарбаздардың ата-аналары арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, еліміздің әр өңірінде бұл бастаманың кеңінен таралуына өз үлесін қосып отыр.

Сара ӘБДОЛ.