Бүгінде елімізде өңірлерді дамытуға ерекше күш салынуда. Әсіресе ауыл тұрғындарын коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде инфрақұрылым игілігін көрген шалғай елді мекен тұрғындарының қарасы артып келеді. Бұл — мемлекетіміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі. Осы орайда өзен жағалай орналасқан Ертіс ауданында да ілкімді істер қолға алынғанын айта кеткен жөн.

Жолдар жөнделіп, құбырлар жаңаруда

Айталық, Ертіс аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аудандағы жолдардың ағымдағы жай-күйін мұқият және егжей-тегжейлі зерделеп, кешенді шараларды қолға алуда. Соның нәтижесінде жыл санап «жақсы» және «қанағаттарлық» жағдайдағы көше жолдарының үлес саны артып келеді. Сонымен қатар, аудан бойынша жылу, электр энергиясы, су және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Аудандық нақты экономика секторы бөлімінің басшысы Қайролла Елукеев қазіргі таңда аудан орталығы мен шалғай елді мекендердегі коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.

— Ертіс ауданында 35 дербес қазандық және 2 орталықтанды-рылған қазандық бар. Оның ішінде 6 мәдениет объектісі бойынша қазандықтар, 2-мемлекеттік мекеме-лердің қазандықтары, жалпы білім беру мекемелеріндегі 23 қазандық, оның төртеуі — «Өрлеу» КПФ ЖШС сенімгерлік басқаруына берілген және 1 қазандық аграрлық-техни-калық колледжі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде орна-ласқан. Сондай-ақ, денсаулық сақтау объектілері бойынша 2 қазандық жұмыс істеп тұр. «Өрлеу» КПФ ЖШС сенімгерлік басқаруында 9 нысан бар. Оның ішінде 5 білім беру нысаны, 1 мектепке дейінгі мекеме, 1 мәдениет нысаны және №1, №2 орталықтандырылған қазандықтар. Алдағы 2024-2025 жылыту маусымына қазандық ғима-раттарындағы ағымдағы жөндеу (әктеу, сырлау, крандарды, ысырмаларды ауыстыру), сондай-ақ, қазандықтар мен қазандық жабдық-тарын гидравликалық сынау (қысу, жылыту жүйесін жуу) жүргізу жоспарлануда, — деді ол.

Сонымен қатар, бөлім басшысы биыл аудандағы 23 білім беру объектілеріндегі қазандық ғима-раттарында ағымдағы жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын, қазандықтар мен қазандық жабдықтарына гидравли-калық сынақ жүргізілгенін жеткізді. Атап өтсек, Сілеті, Майқоңыр, Қосағаш және Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беру мектептерінде жылу жүйесі ауыстырылды. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп қазандығының шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, Ағашорын ауылындағы жалпы орта білім беру мекемесіне 2 қазандық сатып алынып, орнатылса, аудан орталығындағы аграрлық-техникалық колледж 1 жаңа қазандықпен толықты.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы Ертіс ауданына қарасты 5 ауылдың 15 көшесінің ауылішілік жолдарын жөндеуге барлық қаржыландыру көздерінен 584,6 млн теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 165,5 млн теңге, облыстық бюджет есебінен 419,1 млн теңге қаражат жұмсалды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 165,5 млн теңгеге Панфилов ауылындағы ұзындығы 3,782 шақырымды құрайтын 6 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. Облыстық бюджет қаражаты есебінен ұзындығы 9,247 шақырымдық 4 ауылдың 9 көшесіне 419,1 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.

— Ертіс өңіріндегі автомобиль жолдары желілерінің жалпы ұзындығы 838,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолы — 134,7 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар — 148,4 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары — 264,2 шақырым және елді мекендердің көшелердің ұзындығы — 291,6 шақырым. Ағымдығы жылдың 5 шілдесінен бастап республикалық маңызы бар «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» тас жолының 226-244 шақырымы, 257-263 шақырымы (жалпы ұзындығы 24 шақырым) тас жолын күрделі жөндеу жұмыстары аясында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жобаны іске асыру мерзімі — 2024-2026 жылдар. Бүгінде 5 қыркүйектегі жағдай бойынша айналма жолдың 257-263 шақырымындағы көлік қозғалысының тоқтатылуын уақытша алып тастау және 244 шақырымдағы айналма жолға арналған қозғалысты тоқтату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 1 жобаны жүзеге асыру үшін облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен 753,5 млн теңге қаражат бөлінді. Атап өтсек, «Панфилов – Бестөбе» тас жолының 49-64 шақырым учаскесін қайта өңдеу әдісімен орташа жөндеу жоспарланды. Бұл жұмыстың аяқталу мерзімі — 2024-2025 жылдар аралығында. Мердігер ұйым «Нұрал» ЖШС, — деді Қ.Елукеев.

Сондай-ақ, бөлім басшысы биыл ауданда 3 облыстық автожол жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның ішінде 2024-2025 жылдарға арналған «Ұзындығы 14,996 шақырым Амангелді ауылына жол» облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңғыртудың 2 жылдық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жұмыстарды «Ай-Су Мелиорация» ЖШС мердігер ұйымы жүргізіп жатыр.

— Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 3 жобасын іске асыруға биыл 2 282,4 млн теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 580,0 млн теңге, Ұлттық қордан 966,6 млн теңге және облыстық бюджеттен 735,8 млн теңге қаражат қарас-тырылды. 5 қыркүйектегі жағдай бойынша ұзындығы 12,1 шақырым жол төсемінің төсеніштерін алып тастау, ұзындығы 8,9 шақырым жол төсенішін салу, жоспарланған 15 су өткізгіш құбырдың 2-ін орнату жұмыстары аяқталды. «Панфилов-Қосағаш» автомобиль жолының 17,8 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақтылап айтсақ, 27 мамыр мен 1 тамыз аралығында аталған учаскеге асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстары аяқталды. Мердігер ұйым — «Нұрал» ЖШС. Сондай-ақ, 6 шақырымды құрайтын Қоскөл ауылына кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 352,9 млн теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда мұнда су өткізгіш құбырларды орнату, қиыршық тас бетінің профилін қалпына келтіру, асфальт-бетон қоспасынан жасалған 4,9 шақырым жолды салу жұмыстары аяқталды, — деді бөлім басшысы.

Күзгі дала жұмыстары

Әлімсақтан атакәсіппен айналысып, болмыс-бітімін мал шаруашылығымен байланыстырған ауданда мал бордақылау, қолдан ұрықтандыру, егістік алқаптарын кеңейту, суармалы жерлердің үслесін арттыру сынды шаруа да оң нәтиже көрсетіп келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайролла Нұрғожинов бүгінгі таңда ауыл шаруашылық тауарын өндіруге келгенде санына ғана емес, сапасына да ерекше мән беріліп жатқанын атап өтті. Айтуынша, ағымдағы жылы Ертіс ауданы бойынша егін жинау алаңы 285 мың гектарды құрайды.

— Биыл дәнді дақылдар 227,8 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде бидай 190,2 мың гектар, арпа 20,5 мың гектар, сұлы 20,7 мың гектар, тары 1 мың гектар, қарақұмық 3,2 мың гектар, жасымық 4,1 мың гектар. Ал майлы дақылдар 56,9 мың гектар алқаптан жиналуда. Оның ішінде күнбағыс 40,7 мың гектар, зығыр 7,8 мың гектар, қыша 2,3 мың гектар, рапс майы 0,7 мың гектар, софлор 4,7 мың гектар жерге орналастырылды. Сондай-ақ, биыл 0,7 мың гектар жерге қызылша, 0,42 мың гектар алқапқа картоп және 4 мың гектар жерге көкөністер егілді. Ауданның суармалы жерлеріндегі 2024 жылғы егіс алқаптарының құрылымы 1,6 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар — 0,8 мың гектар, майлы дақылдар — 0,147 мың гектар, жемшөп дақылдары — 0,4 мың гектар және картоп — 0,4 мың гектар. Бүгінгі таңда 42 мың гектардан дәнді дақыл жиналды. Орташа түсімділігі гектардан 12,5 центнерді, бастырылған кезде 52,6 мың тонна астықты құрады. Ауданда 15 астық кептіргіш нысандары жұмыс істейді, — деді ол.

Сонымен қатар, бөлім басшысы аудан бойынша 2024-2025 жылғы қыстауға — 123,5 мың тонна шөп, 65,0 мың тонна сабан, 6 мың тонна сүрлем және 19 мың тонна пішен дайындау жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл мақсатта жалпы алаңы 89,3 мың гектар жерде шөп шабу жоспарлануда. Оның ішінде жайылмалы шалғындар 16,6 мың гектар, шабылатын жайылымдар 44,9 мың гектар, көпжылдық шөптер 15,6 мың гектар және бір жылдық шөптердің аумағы 12,2 мың гектарды құрайды. Болжамды түсімділік шамамен гектарынан 11,2 центнер шамасында.

— Бүгінгі күні 76,4 мың гектар шабылып, 88,1 мың тонна шөп дайындалды. Орташа түсімділігі гектардан 11,6 центнерді құрайды. Пішен шабу жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін 99,97 тоннаға арзандатылған дизель отынын алуға 9 өтінім берілді. Жалпы 2024 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 5721 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арзандатылған дизель отынын босату жөніндегі оператор болып «LF-TRADE» ЖШС (тоннасына 282,5 мың теңге немесе литріне 237 теңге) және «ТК Парнас» ЖШС (тоннасына 281,4 мың теңге немесе литріне 236 теңге) анықталды. Бүгінгі күні 3240 тоннаға өтінім беріліп, 1627 тоннаға төлем жүргізілді, 1607 тонна шығарылды, — деп толықтырды ол.

Айта кетейік, мал азығын дайындауға биыл аудан бойынша барлығы 643 бірлік ауыл шаруашы-лығы техникасы және 557 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта егін жинау жұмыстарында 467 бірлік астық жинау комбайны жүр. Оның ішінде жаңа үлгідегі 389 бірлік техника бар. Атап айтсақ, 24 бірлік «John Deere», 26 «CLAAS», 33 бірлік «Essil 740/760», 13 «Acros 530» және 35 бірлік «Vector 410» техникасы. Соңғы 4 жылда Ертіс ауданы бойынша 400 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның ішінде барлық маркалы 74 трактор, 33 комбайн, 20 егіс кешені және 273 өзге де ауыл шаруашылығы техникасы.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ, Ертіс ауданы.