Сұлу жердің қасиеті – сағасында,

Шөлді жердің қасиеті – ағашында.

Қашан да ер-жігіттің қасиеті –

Еш уақытта өзгермейтін нағашыда – демекші, нағашым, мемлекет қайраткері Шамұхан Тәукеханов жайлы сөз еткім келеді.

Өткен ғасырларда Тәуке ханның ұрпақтары Көкшетаудан Баянауыл жеріне қоныс аударады. Ұзақ уақыт Жасыбай (бұрынғы Шойынкөл) көлінің батыс жағалауындағы жерінде тұрады. Осы уақытқа дейін ол жер ел аузында «Төре ауылы» деп аталып кеткен. Бұл жөнінде деректер жетерлік. Мұндай деректердің бірі белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің «Ермахан Бекмаханов» атты еңбегінде баяндалады.

Төренің қызы, анам Зәбираның айтуынша, ағалары Ишмұхан, бауырлары Ермұхан, Махмед Баянауылға келген бетте бірден туған жері Төре ауылына барып, балалық кезде өткізген күндерін еске алып, бір-екі рет аунап қайтады. Мен ол кезде бала болсам да нағашыларымның туған жерін аралағаным есімде қалыпты.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан кейін де Төре ауылынан елімізге танымал, білімді азаматтар шыға бастады. Баянауылдың тумасы, тарихшы, академик Серікбай Бейсембаев: «Бұрыннан Баянауыл қазақтарының оқуға құштарлығы, ынталылығы ерекше болатын. Кішігірім Төре ауылынан Азамат соғысы бітісімен-ақ оқуға кірісе бастаған жастар аз емес-ті. Олар көбінесе Семей, Кереку, Славгород сияқты қалаларда оқыды. Оның ішінде Шамұхан, Қасқатай Тәукехановтар, Нәскен, Бидай Қоңырбаевтар, Рамазан Бегедаев, Дінше Бекмаханов секілді азаматтар болды» деп жазады. Олар бала кездерінде арқаларына қапшықтарын арқалап, қысы-жазы Жасыбай асуын жаяулап асып жетіп, Баянауылдағы «Үлгі» мектебінде алғашқы білім алған.

Аталған азаматтардың ішінде Шамұхан Тәукехановтың өзіндік орны бар. Шамұхан нағашым 1904 жылдың 17 қыркүйегінде Төре ауылында дүниеге келген. Жасынан оқуға ынталы, еңбекшіл, өсе келе жан-жақты, білімді, әділетшіл, адамгершілігі мол адам болды. Семей губерниясының совпарт мектебін (1921-23 жылдары), Москваның гидротехникалық құрылыс институтын (1930-1933 жылдары) үздікке аяқтады.

Өмірбаянына жүгінсек, Шамұхан Тәукеханов Семей, Көкшетау, Павлодар, Екібастұз қалаларындағы қызметтің әр саласында (комсомол, экономика, гидромелиорация, ауыл шаруашылығы, заң органдарында) еңбек етті. Одан бөлек, Көкшетау облисполкомының төрағасы, 1937-38 жылдары КазССР-ының Бас прокуроры және Жоғарғы кеңестің халық депутаты болды.

Мемлекетімізге және партия алдында адал қызмет көрсеткені үшін 1934 жылы «Ленин» орденімен марапатталды.

Өзім Шамұхан Тәукехановпен 1959 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенде таныстым. Мені ерекше жақсы көретін. Үйлеріне барғанда  жаны жадырап, сұрақтарын жаудырата бастайтын. Әңгіме барысында хал-жағдайымды, қайда оқып жүргенімді, елден қандай хабар барын сұрайтын.

1967 жылы қатты ауырып жүргеніне қарамастан, Баянауылға келгені бар. Сапар барысында туған жерін аралап, балалық шағын, туған-туысқандарын еске алып, көп ойға бататын. Сол жылы поезд арқылы Алматы қаласына апардым. Өкінішке қарай, бұл нағашымның туған жеріне деген соңғы сапары болатын. Ал інісі Ишмухан Тәукеханов Ұлы Отан соғысының ардагері, теңіз флотының бірінші рингінің капитаны болды. Бүгінде балалары, немерелері және шөберелері Теміртау қаласында тұрады.

Нағашымды еске алып осы мақаланы жазып отырғанымда, басыма бір ой келді. Ол ойды осы мақаламда жаза кетуді жөн көрдім. Баянауылдың табиғаты қандай сұлу болса, адамдары да сондай кербез. Сондай-ақ, осы өңірден шығып, әр салада табанды еңбек етіп, өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларымыз баршылық. Атап айтсақ, сонау Бұқар жырау бабамыздан бастап Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев секілді 30-ға жуық академик, 200-ге тарта ғылым кандидаттары, мәдениет саласындағы Шәкен мен Кәукен, Қуат пен Суат Әбусейітовтер, дәрігер Арғын Сүлейменов секілді азаматтар бар. Сондай-ақ, бұл қатарға Төре ауылында дүниеге келген бал-
ташы Қарабек, ұста Субек, Шайы атамыз, Садық Кәрімбаев, Жүніс Шаймерденов, әнші әрі кәсіпкер Шәкен Рақышев, ағайынды Аман мен Рымбек Баязитовтар, Бақыр Қазықанов, Зекебай Солтанбаев және жауынгер батырларымыз, генералдарымыз, 25 колхоздың бастығын енгізуге болады.

Сол зиялы азаматтардың қатарындағы нағашым Шамұхан Тәукеханов — қазақ халқының белгілі хандарының бірі Тәуке ханның ұрпағы. Биыл туғанына 120 жыл толып отыр.

Бүгінде Үкіметіміз Баянауылға туристерді тарту мақсатында бірнеше бағытты жоспарлап қойды. Дегенмен, осы өлкеден шыққан белгілі тұлғаларымыз кең көлемде насихатталмай жатыр. Неге оларға арнап мұражай ашпасқа?

Мәселен, Жасыбай көлінің батыс жағында орналасқан Төре ауылы тұрған жерге кең зәулімді ғимарат салуға болады. Егер осы ғимарат салынса, әр келген турист әсем табиғатымызды аралай отырып, осы өлкеден шыққан белгілі азаматтарымызбен танысып, тарихымызға куә болар еді. Келешек ұрпаққа із қалдыру – бүгінгі Баянауыл азаматтарының парызы деп түсінуіміз керек.

 

Қылышбек БАЯЗИТОВ, КазССР оқу-білім үздігі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы.