Биыл ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, белгілі балалар ақыны, қаламы жүйрік журналист Мүбәрак Жаманбалиновтің туғанына 100 жыл толды. Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған талантты жерлесіміздің мерейтойы Ертіс ауданында жоғары деңгейде аталып өтті.
Мемориалдық тақта ашылды
Қазақ балалар әдебиетін көркейтуге жан — тәнімен еңбек еткен ақынның мерейтойына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ғалия Балтабай, зиялы қауым өкілдері, Мүбәрак Жаманбалиновтің ұрпақтары, аудан қонақтары мен тұрғындары қатысты.
Қаламгердің құрметіне арналған шара Ертіс балалар өнер мектебінен басталды. Тоқсаныншы жылдары аталған ғимаратта аудандық «Иртыш» газетінің редакциясы орналасып, кейін сол жерде Мүбәрак Жаманбалинов еңбек еткен. Биыл ескі нысан күрделі жөндеуден өтіп, шығармашылыққа жақын балалар үшін есігін айқара ашқан. Аталған өнер ордасында Ертіс-Баян елінің елеулі азаматы, ақын әрі жазушының құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Мерейтойға жиналған қауымды Серік Барлыбайұлы құттықтап, балалар әдебиетінің бәйтерегі саналған қаламгердің көзі тірісінде атқарған елеулі еңбегін атап өтті.
— Қадірлі жерлестер! Белгілі балалар ақыны, ҚР Құрметті журналисі Мүбәрак Жаманбалиновтің мерейтойы баршамызға құтты болсын! Ағамыздың Ертіс ауданы үшін атқарған еңбегі орасан. Мүбәрак Кәрімұлы аудандағы «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы ретінде өңір аумағындағы ежелгі жер-су, елді мекен атауларын қайтаруда өлшеусіз еңбек етті. Ауданның екі ғасырлық тарихын терең зерттеп, үш кітапты ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Қазақ тілін дамытуға біркісідей атсалысты. Оған араға 40 жыл салып «Ертіс нұры» газетінің қайта шығарылғаны дәлел. Сондықтан Мүбәрак Жаманбалинов Отан алдындағы парызын адал орындады деп білеміз, — деді Серік Барлыбайұлы.
Мерейтойға Мүбәрак Жаманбалиновтің ұлы Талап Мүбәракұлы да қатысып, әкесіне көрсетілген құрмет үшін жергілікті билікке ризашылығын білдірді.
— Осыдан 65 жыл бұрын әке-шешем Ертіс ауданына көшіп келген кезде дәл осы өнер мектебі орналасқан жерге аяқ басады. 20 жылдан кейін осы орында сол кездегі орыс тілінде шыққан «Иртыш» газетінің редакциясы бой көтереді. Сол басылымда әке жолын қуған ағам Ғылымиден 40 жылдан астам еңбек етеді. Осы уақыт ішінде журналистика саласында талай жетістікке жетіп, ҚР Құрметті журналисі атанады. Ал 1991 жылы дәл осы орында «Ертіс нұры» газетінің редакциясы орналасты. Басылым бас редакторы әкем болды. Енді құтты ғимарат өнер мектебіне айналып отыр. Шығармашылққа жақын балалардың талабына нұр жаусын! Алдағы уақытта көпшіліктің қалауымен бұл мекемеге әкеміздің есімі берілетін болады. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш. Жергілікті билікке әкеме көрсетілген құрмет үшін алғысымды білдіремін!
Әкем — Железин ауданының тумасы. Бірақ оның шығармашылық ғұмыры Ертіс ауданында өткен. 85 жыл өмірінің 55 жылын осы Ертіс ауданына арнаған. Осы уақыт аралғыныда 20-дан астам кітап жазды. Журналист ретінде сол кездегі облыстық «Қызыл ту» газетіне өзекті тақырыпта қалам тербеді. Ал өлкетанушы ретінде ашаршылық жылдарында құрбан болғандарды зерттеді. Әкемнің қоғмға сіңірген еңбегі зор, — дейді Талап Мүбәракұлы.
Мемориалдық тақтаның ашылуына жиналған қауым өнер мектебін аралап, балалардың талантына тәнті болды.
Көрерменге көрме ұсынылды
Мүбәрак Кәрімұлының 100 жылдық мерейтойына арналған шара Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда тойға жиналған көрермен назарына көрме ұйымдастырылды. Ертіс ауданы бойынша тарихи-мәдени мұра жөніндегі әдіскер Ольга Амренова көрмеге Мүбәрак Жаманбалиновтің жеке заттары қойылғанын атап өтті.
— Қонақтардың назарына қарымды журналистің жеке заттары ұсынылды. Оның ішінде ақынның туындылары басылған баспа машинасы, жұмыс столы, орындығы, марапаттары, кітаптары орналастырылды. Сонымен қатар, балалармен түскен сурет-тері, шапаны, сол кездегі аудандық, облыстық газетте жарық көрген мақалалары да сөреге қойылды, — дейді Ольга Амренова.
Көрмеде жергілікті суретші Нина Агееваның қаламынан туған суреттер де орналастырылды. Қылқалам шебері ақын портретін үш күннің ішінде салып, мерейтойға тамаша тарту жасаған. Сонымен қатар, көрмеге жергілікті қолөнершілердің жеке туындылары да қойылды.
Кітаптың тұсауы кесілді
Мүбәрак Кәрімұлының мерейтойына жиналған қауым кітап тұсау-кесерінің куәсі болды. Ақынның «Өсиет» атты кітабы ұрпақтарының қолдауымен қаламгердің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген. Онда қаламгердің көзі тірісінде жазып қалдырған өлеңдері жинақталып, енгізілген. Ертіс ауданы әкімдігінің қолдауымен ақынның 100 жылдық мерейтойына аталған кітап жаңадан басылып шықты. Қаламы жүйрік журналистің құнды туындысының тұсауын «Құрмет» орденінің иегері, танымал журналист Ғалия Балтабай, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Серік Елікбай, ҚР Журналистер одағы Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Болат Аманбаев кесті.
— ҚР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Мүбәрак Жаманбалиновтің мерейтойы баршамызға құтты болсын! Журналист, жазушы, ұлағатты ұстаз, өлкетанушы болған ағамыздың қоғам үшін атқарған еңбегі орасан. Мүбәрак ағаны алғаш 1962 жылы көрдім. Железин ауданындағы қазіргі Аққайың ауылында 6-сыныпта оқып жүрген кезім еді. Ағамыз журналистикаға бейім балаларды іздеп біздің сыныпқа келді. Оқушыларға шығарма жазғызды. Атамызға сыныптағы екі баланың шығармасы ұнап, осы балалардан түбінде журналист шығатынын айтты. Соның бірі — мен едім. Ағаның сол кездегі айтқан сөзі мені жігерлендіріп, алдыма журналист боламын деп мақсат қойдым. 9-сыныпқа көшер алдында ауданда қазақ сыныптары жабылып қалды. Тек Ертіс ауданында ғана қазақ мектебі сақталды. Железин ауданынан Ертіс ауданына оқуға келдім. Сондағы келуімнің бір себебі – Мүбәрак атамыздан тәлім-тәрбие алу. Аға ерекше қамқорлық танытты. Ол кісінің арқасында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факултетіне оқуға түстім. Кейін қолыма диплом алғаннан соң да аға маған елдің мұңын жоқтайтын, талап-тілегін орындайтын журналист болуымды сұрап, жол сілтеді, — деді Ғ.Балтабай.
Кітаптың тұсаукесерінен кейін маңызды шара облыстық ақындар айтысына ұласты. Жыр жарысында сынға түскен ақындар Мүбәрак Жаманбалинов туралы толғамды ойларын ортаға салды. 10 ақын сынға түскен дүбірлі додада павлодарлық Алпысбай Хонж бас жүлдеге ие болды. Ал бірінші орынды павлодарлық Нұрбек Бәкір қанжығасына байлады. Май ауданынан келген Ерлан Аманқожа екінші орынды иеленсе, Баянауыл ауданынан шыққан Тілек Сейітов үшінші орынға лайық деп танылды. Павлодарлық ақын Оразбек Саяхат аудан әкімінің арнайы жүлдесін иеленсе, павлодарлық Мизан Жұмаәлі «Мүбәрак Жаманбалинов» атындағы жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, өзге ақындар да арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Атап өтерлігі, бұл күні құрметті қонақтар спорттық жарыстарға да қатысты. Спортшылар кір көтеру, қазақша күрес бойынша сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлық-тармен марапатталды.
Алпысбай ХОНЖ, айтыс жүлдегері:
— Айтысқа бір ай көлемінде дайындалдым. Мүбәрак атамызды алғаш рет 6 жасымда көрдім. Сол кезде Құран сүрелерін оқып, тақылдап тақпақ айтқан кезімде ол кісі сүйсініп, менің жаттаған дүниелерімді қойын дәптеріне жазып алып, аудандық «Ертіс нұры» газетіне жариялаған болатын. Қарымды қаламгердің батасын алдым. Мектепте оқып жүрген кезімде де атамызды талай мәрте көрдім. Атамыз — балалар әдебиеті, өлкетану саласына көп еңбектенген адам. Ертіс өзенінің бойын жайлаған елді мекендердегі аштық азабын, репрессия құрбандарын нақты деректермен зерттеген кісі. Осы еңбегімен Ертіс ауданы үшін ардақты азамат. Айтысқа атамыз туралы деректерді, кітаптарын оқып шыққаннан кейін қатыстым.
Айдана ҚУАНЫШЕВА, Ертіс ауданы.