Өкінішке қарай, елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың саны азаймаса, кеміген жоқ. Деректерге сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық, әлімжеттік, тіпті өз-өзіне қол салу секілді фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі. Жасөспірімдерді қылмысқа не итермелейді? Қоғамның дертіне айналған мәселенің оң шешімі қандай? осы тақырыпты біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Магеррам МАГЕРРАМОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):

— Елімізде кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында орын алып жатқан зорлау, ұрып-соғу және өлім жағдайлары жөнінде естісең жағаңды ұстайсың. Партиямыз кең таралған зорлық-зомбылықтың, әскер қатарындағы өлімнің, дені сау және мықты жігіттерді мүгедектік пен өлімге әкелетін жазатайым оқиғалар мектепте тамыр жайған бұзақылық, зорлық-зомбылық, бұзақылық және қылмыстық өмір салтының көрінісі деп санайды.

Зорлық-зомбылықты түбірімен жою керек. Алайда бүгінде агрессорлар, жасына байланысты кейбір жасөспірімдер жазадан сытылып кетіп жатыр. Бәлкім, біз заң шығарушылар Ұлыбритания елі секілді қылмыстық жауапкершілікке тартуды 14 жастан емес, 12 жастан бастап қайта қарауымыз керек шығар. Мұндай жауапкершілікті, әсіресе, зорлық жасау істеріне белгілеу қажет. Уәкілетті орган білім беру процесіне ғана емес, сонымен қатар балалардың моральдік-этикалық мінез-құлқына, эмоциялық-психологиялық тұрақтылығына ерекше назар аударуы керек. Себебі, әскердегі өлім, қоғамдағы әлімжеттік пен зорлық жасау секілді бұзақылық жайттардың тамыры мектептен таралады. Сондықтан еліміздің білім ордаларындағы тәртіптік жұмысты қайта қарап, үлкен өзгерістер енгізу керек.

Жанар ОРДАБАЕВА, Павлодар қалалық №25 жалпы орта білім беру мектебінің психологы:

— Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Алайда кей ата-аналар балаларын материалдық жағынан қамтуды мақсат етіп, асыл қасиеттерді бойына сіңіруді қалыс қалдырып жатады. Егер мұны қолға алмаса, бала әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларды немесе қатарластарының қылықтарын көріп, оларға еріп кетуі немесе буллингке ұшырауы мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаларының қандай ортамен араласатынын және әлеуметтік желілерін жиі бақылап отырғаны абзал.

Баланың бастапқы тәрбие мектебі — отбасы болса, екіншісі — алтын ұя мектеп. Бұл екі ортаның да мақсат-мүддесі ортақ. Ата-аналар балаларының тәрбиесін қолға алса, мұғалімдер тарапынан ата-аналар мен балалар арасындағы ағартушылық жұмыстарды жүргізу керек. Неге десеңіз, кей ата-аналар буллинг пен қақтығыстың айырмашылығын ажырата алмай жатады. Ал балаларға мейірімділікке, қамқорлыққа шақыратын бейнежазбаларды жиірек көрсеткен абзал. Мұны көрген балалар айналасының жақсылыққа толы екенін аңғара бастайды. Бұл мәселені шешудің тағы бір жолы – түрлі интеллектуалды сайыстар, дебаттарды ұйымдастыру. Егер мектеп қабырғасында осы тақырыпқа қатысты түрлі байқау, пікірталастар ұйымдастырылса, оқушылар ненің жақсы, ненің жаман екенін түсініп, ойлана бастайды. Осындай жұмыстарды жүйелі түрде жүргізсек, балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұл мәселе толық шешіледі деген ойдамын.

Әсел ОРАЗЫМБЕТОВА, Ақсу қаласының тұрғыны:

— Соңғы кездері мектеп жасындағы балалардың бір-біріне күш жұмсап, қатыгездікке баруы, өшпенділік, жауыздық жасауы, үлкенді сыйламауы секілді әрекеттер жиілеп кетті. Бұл — біздің ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізге, бабаларымыздан дарыған адамгершілігімізге үлкен сын. Мұндай келеңсіздік балалар арасында әлеуметтік желілерде ашықтық болғаннан бастап пайда болды деп ойлаймын. Себебі, қазіргі кезде балалардың ортасы – адамдар емес, әлеуметтік желі. Өйткені, ұялы телефонға телмірген оқушылар жас ерекшеліктеріне сай емес ақпараттармен танысуда.

Ал ата-аналар болса көбінесе жұмыстың қамымен жүретіндіктен, баласының ұялы телефонын тексеруге де уақыты бола бермейді. Әлеуметтік желілерде көбіне балаларға арналған қатаң шектеу жоқ. Шектеу болған күннің өзінде де өзін үлкен адам ретінде көрсете салу оп-оңай, ешқандай қиындығы жоқ. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде неше түрлі түзу жолдан тайдыратын, адамның ойын бұзатын, теріс бағыттағы топтар өте көп. Жас жеткіншектер қызығушылықпен ондай топтарға кіріп көруге әуес келеді. Сондықтан бұл мәселені тек мектеп немесе ата-ана шешеді деп қарамауымыз керек, бүкіл  қоғам болып қолға алуымыз қажет.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.