Биыл шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстары ерте басталып, жұрт масадан құтылғандай болғанды. Десе де, соңғы күндері жергілікті тұрғындар шіркейдің шырмауында қалып, әбігерге түсті. Ауыл мен қаладағы ағайын таза ауада тынығудан қалды. Бұған не себеп?

Павлодар облысының климаттық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, қанатты зиянкестерге қарсы күрес биыл наурыз айының ортасында басталып кеткен еді. Әр кезеңнің жұмыс кестесіне сәйкес масаның көбеюін болдырмас үшін су айдындары препараттармен қамтылып, түтінмен қорғаныс тосқауылы жасалды. Ал басқа жаққа қоныстануын болдырмас үшін дезинсекциялық көліктерден дәрі себілді. Қазір қала аумағының 90 пайыздан астамы бастапқы өңдеуден өтті.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, бүгінде дезинсекциялық өндеу жұмыстарына бірнеше арнайы бригадалық топ жұмылдырылған. Олардың бірі таңғы сағат тоғыздан сағат 18.00-ге дейін көпқабатты үйлердің жертөле кіреберістерінде қанатты зиянкестерді уласа, қалған бригада 20.00-ден түнгі сағат 2.00-ге дейін қала көшелерінде, ашық су қоймаларында, саябақтарда, мәдениет және демалыс орындарында, сондай-ақ, орталық жағалауда шыбын-шіркейлерді улау жұмыстарын жүргі-зеді. Десе де, соңғы күндері жергілікті тұрғындар шыбын-шіркейге таланып, маса мазаларын қашырғанын айтады. Павлодар қаласының тұрғыны Айжан Аралбаеваның сөзінше, жаз басталса әбігерге түсіп, шіркеймен алысып әлек болатын жергілікті жұрт биыл бұл проблеманы ұмытқан сыңайлы еді. Бірақ соңғы күндері қанатты қансорғыштар қайта түлеп ұшып, тіршілік біткенді тұқыртып жіберуге жақын.

— Демалыс күндері немерелерімізбен орталық жағалауға серуендеп барған едік. Масаға таланғанымыз соншалық, сау жеріміз қалмады, үсті-басымызды «жеп» қойды. Бәрінен бұрын кішкентай балаларға обал болды. Жаз қызығын көре алмай, үйде қамалып қала ма деп қорқамын. Масаға қарсы күрес жұмыстары әжептәуір басталып, оп-оңды нәтиже беріп келген еді. Алайда, соңғы 3-4 күн бойы шіркей күрт көбейіп кетті, — дейді қала тұрғыны.

Бұл мәселеге аймақ басшысы Асайын Байханов та назар аударды. Облыс әкімі Усолка, Дачный шағын аудандары, Жаңаауыл ауылында шыбын-шіркейдің көптігіне қатысты шағымдар жиілеп кеткенін айтты.

— Соңғы бірнеше күнде павло-дарлықтардың ұсақ масаның жайылуына байланысты шағымдары көбейді. Өздеріңіз білетіндей, масаға қарсы күрес Ертіс өзенінде де, оның жайылмасында да, өзеннің бірнеше саласында да жүргізілді. Өңдеу дер кезінде басталып, 2 кезеңде өтті және жақсы нәтиже берді. Алайда өткен аптада ғылыми топ далалық жерде инелік қуыршақтарының пайда болуын байқағандықтан және оларға зиян келтірмеу мақсатында улауды үш күнге тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Жексенбіде тосқауылдық өңдеу қайта басталды. Олардың нәтижесі тиімді болуы үшін 2-3 күн керек. Өңір тұрғындарынан экожүйенің құрамдас бөлігі болып табылатын масаны толығымен жою мүмкін емес екенін түсінулерін сұраймын. Біздің міндетіміз — популяцияны қолайлы жайлылық деңгейіне дейін төмендету. Сонымен қатар, өңдеудің оңтайлы уақыты мен орындарын ғалымдар анықтай-тынын және кейбір өңдеу жұмыстары күндізгі уақытта өткізілетінін атап өткім келеді, — деді Асайын Байханов.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев та ғылыми топтың ұсынысы бойынша инелікке зиян келтірмеу үшін жәндіктерге қарсы күрес жұмыстарын бірнеше күнге тоқтатуға тура келгенін айтады. Ал 20 маусым күні сағат 10.00-ден бастап Павлодар, Ақсу қалалары және жағалаудағы аудандарда фенологиялық бақылау жүргізілді. Сондай-ақ, сағат 09.00-ден және 18.00-ден бастап Орталық жағалау аумағында, теміржол көпірінен Усолка шаңғы базасы, автомобиль көпірінің артындағы бөгетті қамти отырып, сары масаның ұшу формасына қарсы өңдеу жұмыстары жанданды. Жұмыстың барлығы тапсырыс беруші мен ғылыми сүйемелдеу мамандарының тікелей қатысуымен жүргізілді.

Биолог Қанат Қамбаровтың айтуынша, маса және шыбын-шіркей экожүйенің бір бөлігі саналады. Сол себепті оларды толығымен жоюға болмайды. Өңдеу жұмысы оларды азайту мен жаппай көбеюіне жол бермес үшін жүргізіледі.

— Масалардың да табиғаттағы рөлі ерекше. Оларды толығымен жойып жіберуге мүлде болмайды. Себебі, масалар табиғатта өте ұсақ, майда өсімдіктердің тозаңдатқышы болып табылады. Сонымен қатар, маса — 200-ден астам құстың қорегі. Шалшық су мен таяз жерде жүретін ұсақ балықтар да масамен қоректенеді. Масаны табиғаттан мүлдем жоқ қылып жіберетіндей жағдай жасалса, табиғаттағы цикл бұзылады. Өсімдіктер жойылып, құстар мен балықтар қырылып қалуы мүмкін, — дейді биолог.

Облыс аумағында масаға қарсы улау жұмыстары биыл шамамен 10 шілдеге дейін жалғасады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ертіс өзенінің Белая, Түлкі, Талинка, Подстепка, Қаратүн және тағы басқа аудандарында шіркейлердің шығуы мүмкін негізгі арналары анықталды. Өзеннің бүкіл ұзындығы бойынша сыйымдылығы 20 тонна болатын 4 баржа мен 5 моторлы қайық тартылды. Жалпы ұзындығы 1130,6 шақырымға 166,7 мың литр биологиялық өнімнің 30 пайыз суспензиясын пайдалану жоспарлануда. Кедергілерді өңдеу үшін бүріккіштер және көлікке орнатылған ыстық тұман генераторы қолданылады. Ыстық тұман генераторы жапырақтардың, ағаш бұтақтарының, бұталардың және шөптердің беткі қабатындағы шіркейлердің ұшатын түрін азайтуға септігін тигізеді.

Бүкіл жұмыс барысын жұртшылықты тарта отырып, жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Тұрғындармен кері байланыс үшін өткізіліп жатқан барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында және @gnus.tabigat_pv арнайы құрылған Instagram аккаунтында кеңінен қамтылған.

А.МҰҚЫШЕВ.

Сурет газет мұрағатынан алынды.