Халқымызда «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп бекер айтылмаса керек. Бүгінде әр салада әке жолын қуып, ата кәсібін жалғастырушы жандар жетерлік. «Оқ жонып, тон пішкен» азаматтар әке-шешесінің үлгі-өнегесін көріп, өз отбасында қалыптасатыны белгілі. Біз сөз еткелі отырған қара шаңырақ иелері – полиция қызметінде қажырлы еңбек етіп, Отанның амандығы үшін біршама іргелі істі атқарып жүрген сәулетті әулеттер. Құқық қорғау саласына саналы ғұмырын арнаған атасының жолын жалғастырған әкелердің ізін басып жүрген ұл-қыздары бар. Ендеше, полиция күніне орай сондай бірнеше өнегелі отбасы туралы жазуды жөн көрдік.

Әлімбаевтар әулеті

Отбасылық істі жалғастырушылардың жарқын үлгісі – полковник Борис Әлімбаевтың қара шаңырағы. Бұл отбасының үшінші буынға дейінгі ізбасарлары полиция қызметін таңдауымен ерекшеленеді.

Әулеттің негізін қалаушы – Ұлы Отан соғысының ардагері, милицияның аға лейтенанты Бораш Рахымұлы Әлімбаев. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде қатардағы жауынгерден бастап, Екібастұз қаласы ішкі істер басқармасының бастығына дейін әртүрлі лауазымда жұмыс атқарған. Алайда денсаулығына байланысты ол полиция жұмысынан кетуге мәжбүр болды. Содан кейін оның ізін ұлы полиция подполковнигі Борис Борашұлы жалғастырады. Қызмет еткен жылдары ол атадан қалған үлкен тәжірибені, кәсіби іскерлік қасиеттерді қызметінде қолдана отырып, әртүрлі басшылық лауазымға дейін де жеткен. 2003 жылы Борис Борашұлы подполковник шенімен Успен ауданы ішкі істер басқармасының бастығы қызметінен құрметті демалысқа шықты. Бүгінгі таңда Шарбақты ауданының Құрметті азаматы атанған ардагер полиция бөлімінің өміріне белсенді араласып, ардагерлер кеңесіне төрағалық етеді.

Әкесі мен атасының ісін жалғастырып, баласы қызметке деген адалдығымен үлкен биіктерге жетсе – бұл ата–ана үшін үлкен мақтаныш. Бораш ақсақалдың немересі Борис Әлімбаев та заңгерлік білім алып, 1999 жылы учаскелік полиция инспекторы қызметінен ата жолын жалғастырды. Содан кейін ол арнайы мекемелерді басқару бөлімінде, департамент штабының басқармасында әртүрлі басшылық лауазымдарда, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінде еңбек етті. Ал 2022 жылы облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы болып тағайындалды. Қара шаңырағынан басталған тәжірибе Борис Әлімбаевқа әкімшілік полиция қызметінің барлық бағыттарын кәсіби және сауатты ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

– Мен бала кезімнен әкем мен атамның қызметіне деген адалдығын кез келген қылмысқа қарсы күрес туралы әңгімелерінен ұғатынмын. Мамандықтың күрделілігіне қарамастан, олардың ізімен жүруге бел будым. Полиция қызметі – бұл өте жауапты мамандық. Бізге қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау, Отанды қорғау сынды үлкен жауапкершілік жүктелген. Егер балаларым менің ізіммен жүріп, біздің отбасылық дәстүрді жалғастырса, қуанамын. Алайда бәрі олардың жеке таңдауына байланысты болады. Мен олардың кез келген таңдауын қолдаймын, – дейді Борис Әлімбаев.

Қаптаевтар әулеті

Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Арман Қаптаев та осындай отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен ар-намыс, парасаттылық пен пайым, тәртіп пен тәрбие сияқты ұғымдармен етене таныс.

– Полиция қызметкерлерінің отбасында өсіп келе жатқан балалар көбінесе ата-аналарының кәсібіне байланысты жолды таңдайды. Дәл осындай әулетте баланың бойында қызметке деген құрмет, борышқа деген адалдық және мамандыққа деген бедел қалыптасады, – дейді Арман Қаптаев.

Арман Қаптаевтың әкесі – Нұрмұқамат Саттарұлы көптеген жыл бойы құқықтық тәртіпті қорғап, ішкі істер органдарында тергеуші лауазымында қызмет еткен. 2007 жылы Нұрмұқамат Саттарұлы Павлодар облысы Ішкі істер департаментінің штаб бастығы лауазымынан полковник атағымен құрметті демалысқа шықты.

Бүгінде Арман Қаптаевтар әулетінің қызметін жалғастыруда. Ол 15 жылдан астам уақыт құқық қорғау органдарында қызмет етуде. Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласы ішкі істер басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып бастады. Содан кейін профилактика бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Қазіргі уақытта Арман Қаптаев Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып қызмет етеді. Бүгінгі таңда ол қызметінде құрметке ие бола отырып, жас мамандарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп, білімі мен тәжірибесімен бөлісуде.

Түйін:

Міне, мәртебелі мамандықты атадан балаға жылдар бойы жалғап келе жатқан әулеттер көп. Олар Отан алдында адал қызмет етуді ұрпақтан ұрпаққа ұлағат етіп келеді. Тәжірибесі тұтас полиция мектебін құрап отыр деуге де болады. Мұндай отбасы – әрқашан әулеттің абыройы мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі ата-бабаларымыздың өмірлік ұстанымдарын жадында берік сақтаған және осы құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеген жандар.

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.