Біздің халқымыз қашанда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Атаның ақылымен, ананың ақ сүтімен дарыған қасиет елімізде талай дарынды, алып таудай тұлғаны қалыптастырды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді. Бұл сөз күні бүгінге дейін құндылығын жойған емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Ертіс ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істер  жөніндегі инспекторы Әлия Мұсабекова.

Ертіс ауданы бойынша кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен міндеті, ұрпақ тәрбиесіндегі ескерер маңызды жайттарды Әлия Мұсабекова тарқатып берді.

– Полицияда қызмет етуге деген ұмтылыс менің атам Мұсабеков Орынбасармен байланысты. Ол еңбек жолын қатардағы қызметкерден бастап, Түркістан қаласының полиция бөлімінің басшысы болып зейнетке шықты. Мен атамның жолын жалғастыруға шешім қабылдап, 1999 жылы ҚР ІІМ Шымкент заң колледжіне оқуға түстім. 2001 жылы колледжді үздік бітіріп, қызметімді Тереңкөл ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор лауазымынан бастадым. 2009 жылы ҚР ІІМ Қарағанды заң институтын сырттай бітірдім.  Содан 2011 жылы Тереңкөл ауданының полиция бөлімі кәмелетке толмағандар істер жөніндегі полицияның аға инспекторы лауазымына тағайындалдым. Ал 2020 жылы Ертіс ауданының полиция бөліміне ауыстырылдым, – деді ол.

Полиция майоры Әлия Мұсабекова көбіне жасөспірімдер арасындағы қылмыс ата-аналарының бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, қараусыз қалдыратыны салдарынан болатындығын жасырмады.

– Баланың айналамен қарым-қатынасына, өмірге деген көзқарасына, санасының және мінез-құлқының қалыптасуына бірінші кезекте ата-ананың тәрбиесінің рөлі зор. Мемлекетіміздің заңдылығында ата-ананың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алайда, бұл шара жасөспірімдер құқыққа қарсы іс-әрекет жасалып болған соң қолданылады.Бұдан бөлек, қазіргі таңда бізді алаңдатып отырған басты мәселе – қылмыстарды бұрынғыдай жайсыз отбасыларынан немесе тағы басқа да әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жасөспірімдер емес, көп жағдайда толық, материалдық жағдайы қанағаттанарлық отбасында өскен кәмелетке толмағандардың жасауы. Осының алдын алу мақсатында әкімдік, мектеп, полиция тарапынан жасөспірімдерді тәрбиелеу, оларды қадағалау, құқыққа қарсы іс-әрекеттерге бармау бойынша тиісті профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізіледі, – деді ол.

 

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.