Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде құқық қорғау органдарындағы түйткілді мәселелерге тоқталып, саланы жетілдіруге қатысты тапсырмалар берді. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастар арасында қылмыстың көбеюі мен жол апатының артуы алаңдатып отыр.

Мемлекет басшысы «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты қандай шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Қазіргі таңда ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге айрықша мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр.

– Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екеніне мән бере келіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу аса маңызды міндет саналатынына назар аударды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек екенін айтты.

– Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз тілшіміз.