Павлодар қалалық теміржол вокзалында намаз оқитын жолаушыларға құлшылықтарын орындауға арналған намаз оқу бөлмесі ашылды. Бұл бөлме жолаушылардың өтініші бойынша ҚМДБның арнайы тіркеуінен өтіп, пайдалануға берілді.

Намазхана бөлмесі теміржол вокзалының екінші қабатында орналасқан. Онда құлшылық етуге арналған ыңғайлы жайнамаздар төселген. Бөлмеде, сондай-ақ жуынып, дәрет алатын орын бар.

Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы игі іске мұрындық болған жандарға алғысын білдірді.

– Намаз оқу бөлмесінің ашылуына атсалысқан теміржол басшыларына, күрделі жөндеу жасаған бауырларымызға Алланың разылығы болсын, – дейді Ж.Қоспақұлы.

Айта кетейік, бұл орын – Павлодар қаласында жолаушыларға ашылған екінші намазхана. Біріншісі осы жылдың ақпан айында әуежайда ашылған еді.

Өз тілшіміз.