Железин ауданы Жаңажұлдыз ауылында «Жұмабек қажы» мешіті мұсылман жамағатына есігін айқара ашты. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан бұл ауылға мыңдаған қауым еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, қасиетті жұма намазын осы мешітте оқыды.

Күмбезі күндік жерден жар-қыраған зәулім мешіт ерекше сәулет өнерімен көз тартады. Іші-сырты түгелдей ислами ою-өрнекпен безендірілген. Облысымызда 106-ншы болып тіркелген мешіт 150-200 адамға арналған. Онда имамның бөлмесі, әйел адамдардың намаз оқитын арнайы орны, ер мен әйелдердің жуынатын бөлмесі және мәйітті жуындырып, кебіндейтін бөлме бар. Бәрі де арнайы жылыту жүйесімен қамтылған.

Мешіттің ашылуына ҚМДБ-ның Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков, облыстың бас имамы Жолдас қажы Бердімұратов және облысқа қарасты қала, аудан имамдары  қатысты.

Аталмыш шарада сөз алған дін қайраткерлері жиналған қауымға асыл дінімізді насихаттаса, қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, ақсақалдар мен абыздар мешіттің ашылуына мұрындық болған Бақауовтар әулетінің туған елі мен жерін көркейту үшін атқарған ерен  еңбектерін атап өтті.

Игі шарада мыңдаған адамға ауыл саябағында ас әзірленіп, ақындар өлең оқып, әншілердің әуелеген әнімен жалғасты.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.