Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қой етіне мұрын шүйіре қарайтындар көбейіп, оны сатып алушылардың қатары азайды. Жылқы мен сиыр еті одан едәуір қымбат болғанына қарамастан, қарызданып-қауғаланып тоңазытқышты толтыратындар артты. Қойға деген сұраныс тек ауызашар мен Құрбан айттың кезінде күрт өседі. Сұраныс болған соң баға да аспандайды. Биыл да Айт мерекесіне бірнеше күн қалғанда осы түліктің бағасы шарықтап шыға келді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Бұрындары күнделікті ас мәзірінде қой етін құп көріп, оның сорпасын ішетіндер көп еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын олардың қатары едәуір сиреді. Тек коронавирустық инфекция дендеп тұрған тұста ғана «Қойдың сорпасы аты жаман аурудан құлан таза айықтырады екен» деген әңгіме ел арасында желдей есіп, жұрт шарқ ұрып қой етін іздей бастады. Сол кезде бұрын 25-30 мың теңгеге сатылған тоқтылар бірден 40 мың теңгеге бағаланды. Ал 40 мың теңгеге сатылып келген ірі қойлардың бағасы 50-60 мың теңгеге дейін жетті. Бүгінде жұқпалы індеттің беті қайтқанымен, қойдың бағасы бұрынғы қалпына орала қойған жоқ. Осыдан үш жыл бұрынғы баға сол қалпы қалды.

Биылғы Құрбан айттың алдында сатушылар мен делдалдар оның бағасын тағы да өсіріп жіберді. Бүгінде құрбандыққа қой шалуды қаласаңыз, кемінде 60 мың теңге, тіпті 70-80 мың теңгені шытырлатып санап бересіз. Жыл сайынғы мұндай «дәстүр» кей тұрғындар тарапынан наразылық тудырып отыр. Олар пысықайлардың сауапты іс кезінде халықты қанау арқылы қалтасын қампайтқанына қапалы. Мәселен, белгілі журналист, өлкетанушы Бейбіт Бөжен бұл сорақылық деп пайымдайды.

– Жақында Құрбан айт. Қойдың орташа бағасы – 70 мың теңге. Құдайдан қорқайын деп отырған ешкім жоқ. Бәрі қымбат деген сылтау бар. Қылкөпірден қорыққан жұрт тағы да қарызданады. Шариғатты да бизнес қылып алдық, – дейді ол.

Ауылдық жерлерде тұрғындар азын-аулақ көрші-қолаңды шақырып, құрбандыққа шалынған қой етінен дәм татырып, қалғанын мұқтаж отбасыларға, мешітке апарып жатады. Ал облыс орталығындағы азаматтар үшін жыл сайын «Құлагер» ипподромында арнайы орын ұйымдастырылып келеді. Мұнда бірі құрбандыққа шалуға жарайтын малын саудаға шығарады, екіншісі сатып алады. Сол жерде қасапшылар да бірден қызмет көрсетеді.

Қойды таңдап, арнайы келіп дұға бағыштауға мүмкіндігі жоқ жандар үшін онлайн форматта құрбандыққа шалу қызметі іске қосылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын ашты. Сол арқылы еліміздің кез келген қаласының тұрғыны құрбандық малын шалуға тапсырыс бере алады. Сонымен қатар, мұқтаж жандар үшін құрбандық етін алуға өтініш қалдыру тетігі қарастырылған.

Онлайн түрде құрбан шаламын деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Төлем жасау барысында WhatsApp  нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазуы міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фотосы және видеосының есебі тапсырыс берушіге жіберіледі.

Аталған сайтқа кіріп, құрбандыққа шалынатын малдың бағасын зерделеп көрдік. Бұл сайт күллі елге ортақ болғандықтан, басқа өңірлердегі бағамен де салыстырдық. Мәселен, Астана қаласында қойды құрбандыққа шалу үшін 70 мың теңге аудару керек. Көршілес Абай облысында да дәл осы баға. Тағы бір көршіміз – қарағандылықтар бір қойға 80 мың теңге сұрайды. Батыстағы өңірлерде баға тіпті қымбат. Айталық, Маңғыстау облысында бір қойдың бағасы – 85 мың теңге.

Арзан бағалардың бірі Павлодар облысында екен. Біздің өңірде құрбандыққа қойды шалу үшін 67 мың теңге төлеу керек. Бұл сомаға мұқтаж жандарға құрбандық етін жеткізуге дейінгі қызметтің барлық түрінің ақысы кіреді. Оның ішінде қасапшының қолақысы, тоңазытқышы бар көліктерде етті сақтау, пакетке салу, жеткізу және тағы басқалары бар.

Сол сияқты ешкіні құрбандыққа шалуға тапсырыс беруге болады. Онда бір ешкі үшін 35 мың теңге төлейсіз. Ал ірі қараның бағасы – 350 мың теңге. Бұл ретте жалғыз адамның бірден 350 мың теңге аударып, бір өзі сатып алуы немесе осы соманы 7 адам 50 мың теңгеден бөліп тапсырыс беруі қарастырылған.

Десе де, кейбіреулер мұның өзі де аз ақша еместігін алға тартады. Павлодар қаласының тұрғыны Бекен Нұрахметов бағаның жыл санап өсіп жатқанын тілге тиек етті.

– Былтыр «Құлагер» ипподромына барып, қой таңдадым. Облыстың әр жерінен келген саудагерлер көп болды. Бірі тоқтыға 55-60 мың теңге сұраса, енді бірі үлкен қойын 65-70 мың теңгеге бағалады. Әрине, «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, әркім бағаны өзі белгілейді. Дей тұрғанмен, оның құрбандыққа шалынатын мал екенін, еті әлеуметтік осал отбасыларға таратылатынын ескеріп, белгілі бір бағадан аспаса екен дейміз. Тойға сатар мал болса, «әкесінің құнын» сұраса да мейлі. Бірақ мұндай сауапты істің кезінде пайда табуды бәрінен биік қоймаса екен, – дейді ол.

Бұл ретте қой сатушылардың да айтар өз уәжі бар. Себебі, бүгінгі таңда ірі қара мен жылқы түгілі ұсақ малды ұстаудың өзі қиынға соғып тұр. Биылғы қуаңшылық жағдайды тіпті қиындатып отыр. Ақтоғай ауданының тұрғыны Қанат Рахметов төрт түлігімен күн көріп отырған ағайынның мәселесін де ескеру керек деп есептейді.

– Шыны керек, қазір ауылда ешкім мал баққысы келмейді. Бұрындары қойды кезек бойынша бағатын едік, соңғы жылдары ол да кенжелеп қалды. Жұмыстағы жастардың қой-ешкі соңында жүретін уақыты жоқ, егде тартқандардың табында күнұзақ табанынан таусылып жүретін денсаулығы жоқ. Сондықтан қойларды да көктемде бір бақташының қолына беріп, күзде қораға қайта әкелу белең алып барады. Аудан төңірегінде бір қой үшін 600 теңгеден 1000 теңгеге дейін ақы төлейміз. Енді есептей беріңіз. Бір үйде 20 қой болса, ай сайын 20 мың теңге береді. Сол шығынның бір бөлігін жабу үшін Құрбан айт кезінде төрт-бес қойын сатып, азын-аулақ ақшаға айналдырады. Бұл құрбандық шалушыларды қанау емес, өзінің «жыртығын жамау» деп ойлаймын. Сондықтан бір түлігіне 50-60 мың теңге сұрайтын ауылдықтарды қатты сөгудің де қажеті жоқ, – дейді тұрғын.

Әрине, әркім өз жағдайын күйттейді. Бірі артық шығын шығармасам дейді, бірі шығынын жапсам дейді. Бұл ретте баға негізсіз өспесе екен дейміз. Дұға оқылып, игі іс атқарылар тұста баға үшін жаға жыртысу ешкімге сауап әкелмес. Сондықтан сатушы да, сатып алушы да риза болатындай өзара келісім жасалғаны дұрыс.