26 қазаннан бастап Ақсу қаласының ішінде қатынайтын қоғамдық көлікпен жүру бағасы өседі. Жергілікті билік тиісті қаулы шығарды.
Бұған дейін шағын шаһардағы автобустармен қатынаудың ақысы қолма-қол ақшамен есеп айырысқан кезде 120 теңге,
электронды төлем арқылы 80 теңге болатын. Енді сенбіден бастап бұл бағалар өзгермек. Атап айтқанда, қолма-қол есеп айырысу үшін жол жүру құны 200 теңге, электрондық төлем кезінде 100 теңге болып өзгереді.
— Жаңадан сараланған тариф аясында зейнеткерлер жол ақысының 50 пайызын төлейді. Яғни, жолақысын арнайы картамен өтесе 50 теңге ұсталып қалады. Ал қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда 100 теңге беруі керек, — деп хабарлады Ақсу қаласының әкімдігі.
Айта кетейік, бүгінде ақсулықтарды қала ішінде 12 бағытта қатынайтын автобустар тасымалдайды.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.