Төтенше жағдайлар бөлімінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Аграрлық-техникалық колледждің студенттері құтқарушы-лардың жұмысы мен бөлім техникаларымен танысты.
Мамандар студенттерге өрт сөндірушілердің қызметін баяндап, жұмыста қолданылатын құрылғыларды көрсетті. Сонымен қатар, жазатайым оқыс жағдайлардың неден туындайтынын да айтты. Студенттерге су тасқыны, жер сілкінісі, алапат өрт орын алған кезде қалай әрекет ету керектігі көрсетілді. Құтқарушылар келушілерге өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамаларды да таратты. Шара соңында студенттер құтқарушылармен естелік суретке түсті.
— Өрт сөндірушілердің киімі отқа төзімді болатынын көзіммен көрдім. Қалың түтіннің ішінде арнайы құрылғыны арқасына асып алып, демалатынын да енді білдік. Әсіресе, техникалар ерекше әсер қалдырды. Болашақта ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін болғандықтан, дала жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауда нені ескеру керектігін түсіндік. Аспаз мамандығында білім алушылар да өздеріне қажетті мол мағлұмат алды. Сала мамандарымен өткен кездесу өте қызықты болды, — дейді студент Азамат Ермеков.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.