Еліміздегі кейбір мемлекеттік мекемелер бір жылға бөлінген бюджеттен үнемделген қаражатты жыл соңында қызметкерлерге сыйақы ретінде қарастырып жатады. Алайда таяуда Қаржы министрлігі мұндай әрекетке тосқауыл қойып, шотты бұғаттайтынын мәлімдеді. Сонда биыл мемлекеттік қызметшілер қосымша ақыдан қағыла ма?

Бірнеше күн бұрын Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қызметшілерге берілетін сыйақыға қатысты мәселе көтерді. Сол кезде ведомство басшысы Қазынашылық комитеті бюджеттік қаржыны сыйақыға қолдану мақсатында бір шоттан келесіге аударуға шектеу қойылатынын айтқан еді.

— Біз сыйақы ретінде шоттар ішіндегі қаражатты аударуға тыйым салдық. Егер мемлекеттік органдарда қаржы үнемделсе, оны сыйақыға аудара алмайды. Ал үнемделген қаржы бюджетке қайтарылады. Себебі сыйақы түрінде аударуға болатын 112-ші кодты жауып тастадық, — деп мәлімдеген еді М.Такиев.

Министрдің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқылана бастады. Кейбір мемлекеттік қызметшілер әдетте жыл соңында төленетін сыйақыға үміт артып отырғанын айтып, қапаланғанын білдірді. Әкімдіктерде қатардағы маман болып қызмет ететін олар үшін қандай болсын көлемде берілетін сыйақы — аз да болсын демеу.

Аталған мәселе кең көлемде талқыланған соң Қаржы министрлігі ресми мәлімдеме жариялады. Соған сәйкес, ведомство мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беруге тыйым салмайтын болды. Яғни, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысы бойынша, мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымына қарай үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады.

— Аталған қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін. Атап айтқанда, іссапарларға, коммуналдық және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу болса ғана сыйақы қарастырылады, — делінген хабарламада.

Бүгінде аталған қаулыға, басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен, мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ. Бұл ретте Қаржы министрлігі инвестициялық жобаларды іске асырудан және мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс екенін еске салды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.