2024 жыл диқандар үшін нәтижелі аяқталуда. Ауа райы оң қабақ танытып, көктем-жазда төгілген тер ақталып жатыр. Аймақ шаруалары биыл 1 млн 406 мың гектарға дән сеуіп, қазіргі таңда егін ору науқанын тәмамдауға таяу.
Жиын-терім жұмыстарының барысы облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиында баяндалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Досжановтың айтуынша, 928 мың гектардан дәнді дақыл толық жиналды. 1 млн 116 мың тонна астық орылған. Биыл диқандар гектарынан орташа есеппен 12 центнер дәнді дақыл алған. 374 мың гектарға майлы дақыл егіліп, қазіргі таңда оның 330 мың гектарынан барлығы 314 млн тонна өнім жиналған. Орташа шығымдылық гектарынан 9,5 пайызды көрсетіп отыр.
Майлы дақылдарды жинау жұмыстары айдың соңына дейін аяқталатыны айтылды. Ағымдағы жылы шаруалар 24,8 мың гектарға картоп егіп, 768 мың тонна өнім алыпты. Өнімділік гектарынан 310 центнерден айналған. Басқарма басшысы шаруаларда астық сақтау, кептіру мүмкіндіктері бар, деді. Астықты кептіру үшін арзандатылған дизель отыны мен газ қарастырылған көрінеді.
Облыс әкімі Асайын Байханов жуырда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында аталмыш салаға айрықша басымдық бергенін атап өтті. Осы ретте, мақсатымыз — агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беру, деді.
Аймақ басшысы күзгі жиын-терім нәтижелі болғанын, енді көктемгі науқанға қамданудың қажеттігіне мән берді. Себебі, желтоқсан айында алдағы көктемгі егіске дайындық жұмыстарын қаржыландыру басталады. Осыған орай облыс әкімі құзырлы басқармаға қажетті қаржы көлемін пысықтауды тапсырды.
Дархан Төлеуұлы өткен жылы көктемгі егін науқанына 12,8 млрд теңге жұмсалғанын мәлімдеді. Ал алдағы жылға «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары аясында барлығы 13 млрд теңге жоспарланып жатқанын атап өтті.
— Алдағы жылға қаржыны ұлғайту қажет. Бұл ретте, алқап көлемінің артатынын және тұқым, тыңайтқыш құнының өсетінін ескеру керек. Тиісті министрлік, қаржы институттарымен келісімдер жүргізіп, 15 млрд теңгеге дейін жеткізуді межелеген жөн. Шаруалардан өтінімдерді уақытылы қабылдап, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс, — деді облыс әкімі.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.