8 желтоқсан күні облыстық мәслихат пен Павлодар қалалық, Успен аудандық мәслихаттарында босаған депутаттық орынға сайлау өтеді. Бүгінде мандат иеленуден үмітті кандидаттар тіркеуден өтіп, үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті.
Бұған дейін №14 бірмандаттық сайлау округі бойынша облыстық мәслихат құрамында депутаттық қызмет атқарған Айгүл Мәлікова осыдан біраз уақыт бұрын аймақ басшысының идеология жөніндегі орынбасары болып тағайындалған еді. Ендігі ретте босаған бұл орынға басқа депутат сайлануы тиіс.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, шығып қалған депутаттың орнына үш кандидат үмітті. Олар – «AMANAT» партиясы ұсынған Николай Дычко және өзін-өзі ұсынған Геннадий
Костюченко мен Асылбек Резуанов. №14 бірмандаттық сайлау округіне Павлодар және Успен аудандары кіреді. Демек, 8 желтоқсан күні аталған екі ауданның сайлаушылары үш кандидаттың қатарынан облыстық мәслихат депутаты атануға лайық деп тапқан азамат үшін дауыс бере алады. Ол үшін Павлодар және Успен аудандарында барлығы 53 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Дауыс беру құқығы бар 25 мыңнан астам азаматтың сайлау күні бюллетень алып, таңдау жасауға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, бұған дейін №10 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Павлодар қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған Қазбек Әметов тұрғылықты орнының ауысуына байланысты мандатын тапсырған болатын. Оның орнына «AMANAT» партиясы ұсынған Тимур Серікпаев, өзін-өзі ұсынған кандидаттар – Азамат Төлепбергенов пен Виталий Хомутовтың бірі депутат атанбақ. Мандатқа нақты кімнің ие болатынын 8 желтоқсан күні Жетекші, Мойылды ауылдары мен екінші Павлодар шағын ауданының дауыс берушілері шешеді. Сайлаушылардың басым бөлігінің қолдауына ие болған кандидат №10 аумақтық сайлау округінің өкілі болады.
8 желтоқсан күні Успен ауданының тұрғындары да таңдау жасайды. Мұндағы сайлаушылар аудандық мәслихат депутатын анықтайды. Кандидат ретінде 3 азамат тіркелген. Олар – өзін-өзі ұсынған Юлия Белоусова, Елена Жежеря және «AMANAT» партиясы ұсынған Наталья Теплая.
13 қараша күні мәслихат депутаты атанудан үмітті азаматтар үгіт-насихат жұмыстарын бастады.
7 желтоқсан күнгі сағат 00.00-ге дейін тұрғындармен жүздесіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы бағдарламасын таныстырып, өзіне дауыс беруге үгіттей алады. Ал
8 желтоқсан күні сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін Павлодар қаласы, Павлодар ауданы мен Успен аудандарында дауыс берушілердің таңдау жасауы үшін сайлау учаскелері жұмыс істейді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.