Ертеңнен бастап сайлаушылар 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына байланысты өз учаскелерінен тізімде бар-жоғын анықтай алады.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, аза-маттар сайлау учаскесіне барып, жеке куәлігін көрсете отырып, тізімде бар-жоғын және деректе-рінің дұрыстығын тексере алады.
– Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін барлық қалалар мен аудандарда Call-орталықтар жұмыс істейді. Облыс әкімдігінің, 13 қала мен аудан әкімдіктерінің интернет-ресурстарында «Сайлау учаскесін іздеу» сервисі бар. Сонымен қатар, «Телеграмм-бот» (https://t.me/PVLSailau_bot) желісінен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысу құқығы бар азаматтарға тізімде өздерінің бар-жоғын тексеру мүмкіндігі қарастырылған, – делінген облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінде.
Саяси науқанға дайындық жұмыстары жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, аймағымызда барлық деңгейдегі мәслихаттарға 189 депутат сайланады. Олардың 173-і бірмандатты сайлау округтері бойынша, 16-сы пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім бойынша сайланады. Облыстық мәслихат аралас сайлау жүйесімен сайланатын 32 депутаттан тұрады. Олардың ішінде 16 депутат партиялық тізіммен, 16 депутат бірмандатты округтер бойынша сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихаттарға сайлау толығымен бірмандатты округтер бойынша өтеді. Яғни, сайлаушылар әрбір сайлау округі бойынша бюллетеньге аты-жөні енгізілген нақты кандидаттарға дауыс береді.
Г.МАҒЖАН.
