Аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта үздік мақала жазған студенттер марапатталды. Байқау жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың сөзінше, студенттер өз еңбектерінде күнделікті өмірде қалыпты жағдай ретінде қабылданатын кейбір әрекеттердің өзі жемқорлыққа жол ашуы мүмкін екенін көрсетуге тырысқан.
– Жастардың мақалаларында күнделікті кездесетін парақорлық көріністері мен сыбайлас жемқорлыққа бастай-тын әрекеттер сөз болады. Кейде елеусіз көрінетін қадамдардың өзі уақыт өте келе күрделі мәселелерге ұласуы мүмкін. Студенттер өмірден алынған мысалдар арқылы қатарластарының назарын осы мәселеге аударып, оларды ойландыруға ұмтылған, – деді Ж.Ахметжанова.
Аталған жұмыстарда адалдық пен отбасылық тәрбиенің де маңызы кеңінен қарастырылған. Авторлардың бірі адам бойындағы тәртіп пен шынайылықтың бастауы отбасында қалыптасатынын атап өткен. Оның пікірінше, балаға кішкентайынан дұрыс тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіру оның келешекте жауапты әрі адал азамат болып өсуіне негіз болады.
Конкурс аясында 4 арнайы аталым бойынша үздіктер анықталды. «Үздік зерттеу жұмысы» атағы Павлодар гуманитарлық-педагогикалық жоғары колледжінің студенті Дарья Вертлуговаға берілді. «Үздік практикалық жұмыс» аталымында Инновациялық Еуразия университетінің студенті Гауһар Дощан жеңімпаз атанды. «Үздік аналитика» аталымы Екібастұз политехникалық колледжінің студенті Нұрсұлтан Шамшиевке бұйырса, «Үздік заманауи тәсіл» аталымында осы оқу орнының студенті Еркехұлан Серікбол үздік деп танылды.
Байқаудың жалпы қорытындысы бойынша бірінші орынды Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті Диана Мүбаракова иеленді. Екінші орын Қазтұтынуодағының Павлодар жоғары экономикалық колледжінде білім алатын Аима Идрисоваға берілді. Ал үшінші орынның жүлдегері Ақсу қара металлургия колледжінің студенті Данил Куприяненко болды.
Шара соңында конкурсқа қатысқан жастарға Алғыс хаттар, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
