Биыл Павлодар облысында кірістер туралы декларацияны 180 мыңнан астам жеке тұлға тапсыруға міндетті. Қазіргі уақытта жалпыға бірдей декларациялауға 168 мыңнан астам адам қатысты. Өткен жылы мемлекеттік кірістер органдарымен цифрлық активтері бар және салық есептілігі нысанын ұсынбаған және оларды көрсетпеген 160-тан астам тұлға анықталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов жеке тұлғалардың берешегі 890 млн теңгеден асқанын мәлім етті. Оның ішінде мүлік салығы бойынша – 98 млн теңге, көлік құралдарына салынатын салық бойынша – 790 млн теңгеден астам, жер салығы бойынша 3 млн теңге қарыздары бар.
— Мүлік салығын уақытылы төлемеген жеке тұлғаларға салық берешегі туралы хабарламалар жіберілді, олар 30 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) астам берешек бойынша хабарлама тапсырылғаннан кейін 30 жұмыс күнінен кейін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салықтық бұйрықтар жіберіледі. Содан олар 5 күннен кейін жеке сот орындаушыларына беріледі. Жеке сот орындаушылары өз кезегінде берешек сомасына қосымша өз қызметтері үшін төлемді өндіріп алады, оның мөлшері салық берешегі сомасының 25 пайызына дейін болуы мүмкін, — деді ол.
Сонымен қатар, басқарма басшысы 2024 жылғы 18 қарашадағы жағдайы бойынша мүліктік кіріс алған салық төлеушілерге 6500-ге жуық камералдық бақылаудың хабарламалары жіберілгенін, олардың 3000-ға жуығы пысықталып, бюджетке түсетін түсімдер сомасы шамамен 750 млн теңгені құрағанын жеткізді.
Айта кетейік, салық берешегінің бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің «kgd.gov.kz» ресми сайтында тексеруге болады. Сондай-ақ, бұл туралы ақпаратты «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында және «SalyqBot» чат-боттың «Электрондық қызметтер» бөлімінде, банктік қосымшалар арқылы алуға болады. Бұдан басқа, анықтамалық ақпарат алу үшін бірыңғай байланыс орталығының «1414» тегін нөміріне немесе салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуға болады.
А.МҰҚЫШЕВ.