Шарбақты ауданындағы резерват аумағында «Шырша» атты табиғатты қорғау акциясы басталды. Бұл шара желтоқсан айының соңына дейін жалғасады деп жоспарлануда.

Орманшылардың айтуынша, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды кесу оқиғалары жиілейді. Мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында жыл сайын «Шырша» акциясын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Шара барысында құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, негізгі жолдарда тәулік бойы күзет қызметі жұмыс істеп, арнайы бекеттер орнатылады.

Резерват мамандары тұрғындарды шыршаларға қиянат жасамауға, тәртіп бұзушылыққа жол бермеуге шақырып, табиғатты қорғау – барша адамзат атаулының ортақ міндеті екенін алға тартуда. Сондай-ақ, орманшылар заң бұзушылықтың куәсі болған азаматтарға үнсіз қалмау керектігін айтып, 8(7182)78-77-32 немесе 102 телефон нөмірлеріне хабарлауға өтініш білдіруде.

Н.АҚЫТЕГІ.