Екібастұз қаласында кәріз жүйесінің мәселесі өткір тұр. Бұл инженерлік желілер әбден ескіргендіктен, тұрғындарға қолайсыздық тудыратыны бар.

Биылғы жазда кеншілер шаһарында тозығы жеткен кәріз жүйесінің бірнеше учаскесінде апат орын алған еді. Жергілікті әкімдік шұғыл шараларды қабылдап, аз уақыт аралығында оны қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстарды атқарды. Бірақ мұнымен түйткіл толығымен тарқай қойған жоқ.

Қала әкімі Аян Бейсекин бүгінде барлық проблемалық аймақ жөнделгенін айтты. Бұл өз кезегінде қысқы уақытта желілердің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Ал қалған іс келесі жылдың көктемінде жалғасын табады.

— Екібастұздың 50 жылдығы көшесі арқылы өтетін орталық коллектор қаланың су бұру жүйесінде маңызды орын алады. Себебі қаладағы қалдықсудың шамамен 60 пайызы осы желі арқылы өтеді, — деді шаһар басшысы.

Аталған желіні жаңғыртуға қатысты ауқымды жоба облыс пен қала басшылығының басты бақылауында болмақ.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.