Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қаратай және Қызылағаш ауылдарында жаңа медициналық пункттер ашылды.

Жаңа медициналық нысандардың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек қос медициналық пункттің құрылысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы шеңберінде, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы негізінде іске асырылып жатқанын жеткізді.

— Жаңа медициналық нысандарды ашу – ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін қолжетімді және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жаңа амбулаториялар мен ФАП-тар білікті кадрлармен ғана емес, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл бізге өмір сүру сапасын едәуір арттыруға және азаматтарымыздың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Айта кетейік, денсаулық сақтау нысандары халыққа сапалы көмек көрсету үшін қажетті заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Онда медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін дәрігерлерге қажетті заттардың бәрі бар. Денсаулық сақтау инфрақұрылымының айтарлықтай жақсаруы қазіргі  стандарттарға сай. Ең бастысы, ауыл тұрғындары үшін қолжетімді.

А.МҰҚЫШЕВ.