Биылдан бастап аз қамтылған азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, елімізде жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларына қаржылай қолдау ретінде атаулы әлеуметтік көмек берілуде. Тек өткен жылдың төртінші тоқсанында аталған көмек түрімен 3,4 мың павлодарлық отбасы қамтылған. Бұл мақсатқа қазынадан 1,5 млрд теңге жұмсалған. Алайда ағымдағы жылы әлеуметтік көмек алатындар саны көбеюі мүмкін деп болжануда. Себебі, биылдан бастап АӘК тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілмек. Соның бірі – көмекке мұқтаж азаматтардың келісімі арқылы отбасылық шығыстарын есепке алу тетігін сынақтан өткізу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылмақ. Яғни, бұған дейін АӘК алуға үміткерлердің отбасына кіретін орташа кіріс көлемі ғана есепке алынса, пилоттық жоба бойынша шығыстары да есептеліп, сол бойынша көмек тағайындалатын болады. Ол үшін үміткер жобаға қатысуға өз еркімен өтініш береді. Бұдан кейін өтініш берушінің отбасындағы кәмелет жасына толған барлық адамның ұялы телефондарына 1414 нөмірінен sms хабарлама жіберіледі. Оған бір жұмыс күнінің ішінде жауап беріп, растауы қажет. Содан соң әлеуметтік көмек алуға үміткердің келісімі бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы барлық шығыстары жіті тексеріліп, шешім қабылданады. Нәтижесінде, алатын айлығының жартысын несие төлеуге жұмсайтын бірқатар табысы төмен отбасыларының мемлекеттен көмек алуы мүмкін.

Баспасөз мәслихатында басқарма басшысы АӘК қалай және кімдерге тағайындалатынын да түсіндірді.

— Әлеуметтік кодекске сәйкес 2025 жылдың
1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың орташа табысынан айқындалатын болады. Өздеріңізге мәлім, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, отбасының цифрлық картасының деректері бойынша тоқсан сайынғы медианалық табыс мөлшеріне есептеулер жүргізді. Соның нәтижесінде, кедейлік шегі орташа табыстың 35 пайызы деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы деңгейінде айқындалды. Әр аймақтың өзінің медианалық табыс көлемі болады. Мысалы, Павлодар облысында өткен жылдың үшінші тоқсандағы медианалық табыс көлемі 116 мың теңгені құрады. Яғни, атаулы әлеуметтік көмекке үміткер болғысы келетін адамның жан басына шаққандағы табысы осы медианалық табыс мөлшерінің 35 пайызынан жоғары болмауы тиіс, — деп атап өтті Альмира Дисюпова. Оның айтуынша, осы жылы учаскелік комиссияның қызметін цифрландыруға басымдық берілмек. Сол арқылы АӘК тағайындау кезінде учаскелік комиссиялар отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізіп, көмек беру немесе бермеу туралы қорытынды шығарады. Қазіргі таңда бұл зерттеу қағаз түрінде ғана жүргізілуде екен.

— Бұдан былай учаскелік комиссиялар үшін тексеру жүргізу кезінде формальды тәсілді автоматтандыру және болдырмау мақсатында FSM social мобильдік қосымшасы әзірленді. Мобильді қосымшаны пайдалану кезінде комиссия мүшесі отбасының материалдық жағдайы бойынша барлық деректі оған енгізеді, алдын ала қорытынды шығарады және учаскелік комиссияның басқа мүшелеріне қол қоюға жібереді, —
деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, 2025 жылдың қаңтарынан бастап бүкіл ел бойынша мобильді қосымшаны енгізу жоспарлануда. Сол арқылы атаулы көмек алуға үміткерлердің геолокациясын бірден анықтап, жедел шешім қабылдауға және қорытынды шығару рәсімін оңайлатуға мүмкіндік жасалмақ.

Атап өтерлігі, Мемлекет басшысы шынайы көмекке мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Аталған тапсырманы орындау мақсатында әлеуметтік кодекске түзетулер енгізіліп, Үкіметтің қарауына жіберілгенін атап өткен жөн. Демек, алдағы уақытта қазақстандықтардың жайлы да жақсы өмір сүруіне бағытталған игі істер жалғасын таба бермек.

Нұржайна ШОДЫР.