Павлодар облысындағы жайылымдардың жалпы ауданы 8 276,9 мың гектарды құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 5 141,6 мың гектар жер бекітілген. Бұдан басқа, халықтың мұқтаждығы үшін 1 611,1 мың гектар алқапты құрайтын қоғамдық жайылым жерлері бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов облыс аумағының 66 пайызы жайылымдық жерлерге тиесілі екенін айтып, қазіргі уақытта халықты шабындық және жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

— ҚР «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес қоғамдық жайылымдар жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын жаю бойынша жергілікті халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналғанын атап өткім келеді. Павлодар облысында ауыл халқы үшін жайылымдардың тапшылығы 76 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 мың гектарға қысқарғанын көрсетеді. Азаматтар мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету бойынша ағымдағы жылы 19,8 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды және халықтың мұқтажы үшін қайта бөлінді, — деді М.Хамитов.

Сонымен қатар, басқарма басшысы жайылымдық жерлер — уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жер учаскелерін беру туралы конкурс арқылы ғана берілетінін атап өтті. Айтуынша, жайылымдарды шаруа немесе фермер қожалығы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысады.

— Облыс бойынша тозған жайылымдардың жалпы ауданы — 727,1 мың гектар, оның ішінде орташа жағдайдағы жайылымдардың жалпы алаңы 501,9 мың гектарды құрайды. Жайылымдардың жай-күйін қалпына келтіру және жақсарту жайылымдарды геоботаникалық зерттеу және мониторинг нәтиже-лері негізінде жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың басында жер қатынастары басқармасы Ақсу және Екібастұз қалалары, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Тереңкөл және Май аудандары бойынша табиғи жем-шөп алқаптарын геоботаникалық зерттеу материалдарына зерделеді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 717,2 мың гектар табиғи жем-шөп алқаптары анықталды, онда көпжылдық шөптерді егу немесе шалғындау ұсынылды, — деп толықтырды ол.

А.МҰҚЫШЕВ.