Photo Valeriy BUGAYEV

Осыдан төрт жыл бұрын облыс орталығы тұрғындарының тарапынан қоғамдық көліктердің жүру жиілігі мен олардың аздығына жиі шағым түсетін. Сол уақытта Павлодар қоғамдық көліктердің 75 пайызы шағын класты болған жалғыз облыс орталығы саналды. Осыны ескерген жергілікті билік 2022 жылдан бастап автокәсіпорындарды жаңартуға және электрондық билеттеу жүйесін енгізуге арналған субсидиялар енгізді.

Бұл өз кезегінде автобус парктерін жаңартуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, соңғы үш жылда 218 автобус жаңартылды. Бүгінгі таңда облыстың үш қаласындағы қоғамдық көліктердің 75 пайызы — заманауи талапқа сай келетін үлкен класты автобустар. Өткен жылдың соңында автобус паркі тағы 12 жайлы қоғамдық көлікпен толықты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл автобустар №003 бағытта жолаушыларды тасымалдайтын шағын көліктерді алмастыратын болады. Бұған дейін тұрғындар шағын автобусқа сыймай, қолайсыздық көріп келсе, енді сыйымдылығы үлкен жайлы автобуспен қалаған жеріне жете алады. 57 орындық жаңа автобустар мүмкіндігі шектеулі жандардың қатынауы үшін жиналмалы аппарельмен, жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін кондиционерлер, гаджеттерді қосуға арналған USB-порттармен және 7 бейнекамерамен қамтылған. Сонымен қатар, қозғалыс аралығы 10 минуттан 8 минутқа дейін қысқарады.

Жаңа жыл қарсаңында жергілікті «Ертіс» футбол клубының ойыншылары да тамаша тартуға ие болды. «№1 автобус паркі» ЖШС демеушілік көрсетіп, коман-даға Yutong маркалы автобус сатып алынды. 43 адамға арналған көлікте жолаушылардың жайлылығы үшін кондиционерлер, тоңазытқыштар және т. б. орнатылған.

— Аты аңызға айналған клубтың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл — лайықты сыйлық. Біздің даңқты клубты жандандыруға көмектескен және командамызға әлі де қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысымды айтамын. Өткен жылы біздің жігіттер екінші лиганың чемпиондары атанып, маусымды бірінші лигаға шығумен аяқтады. 2025 жылдың басты міндеті — Премьер-лигаға оралу. Енді осы автобуспен сырт алаңдағы ойындардан тек жеңістер әкелсін, — деді аймақ басшысы Асайын Байханов.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.