Заңғар ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде салынған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Енді ауыл тұрғындары ФАП-тың жаңа ғимаратында медициналық көмек ала алады.

Заңғар ауылындағы жаңа медициналық мекеме заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда тұрғындарға алғашқы медициналық көмек, амбулаторлық тексерулер, алдын алу шаралары, жүкті әйелдерді бақылау және басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Медициналық жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Дидар Ибраев және Павлодар ауданының Құрметті азаматы Сайлау Шаненов мұндай игі бастамалардың халық денсаулығын жақсартуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға айтарлықтай әсер ететінін ерекше атап өтті.

— Денсаулық сақтау саласына қамқорлық – басты назарда. Бұл бастама еліміздің ауыл-аймақтарын дамыту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы – ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы үлкен жетістік. Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді, — деді аудан басшысы.

А.МҰҚЫШЕВ.