Ақсу қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияда осы білім ордасының негізін қалаған алғашқы директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері Рымкеш Хамитқызы Сламбековаға арналған оқу кабинеті ашылды.
Ұлағатты ұстаздың құрметіне арналған игі шараға өңірдегі еңбек ардагерлері, мектеп директорлары, ұстаздар мен оқушылар және Рымкеш Хамитқызының мектеп бітіріп кеткен шәкірттері тегіс қатысты. Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының мектеп және мектепке дейінгі білім бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаева мен «Аманат» партиясының Ақсу филиалының басшысы Бибігүл Хамидуллақызы да арнайы келіп, мектеп ұжымының қуанышына ортақтасты.
— Баршаңызды атаулы кабинеттің ашылуы-мен құттықтаймын. Бар ғұмырын ұстаздық жолға арнаған тұлғаларды ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі істерін насихаттау — біздің басты мақсатымыз! Осындай игі бастаманы қолға алған гимназия ұжымына алғыс білдіремін.
Рымкеш Хамитқызы, сіздің білім беру саласына сіңірген еңбегіңіз ерен. Қазақ мектебінің іргесін қалауда үлкен үлес қосқан іскер басшы болдыңыз. Талай дарынды да талантты қазақ баласының жұлдызын жақтыңыз, жолын аштыңыз. Бүгінгі ұрпақ сіздің еңбегіңізді ешқашан ұмытпайды. Сол үшін де сізге осындай құрмет көрсетіп, әрдайым мақтан тұтады, — деді облыстық білім беру басқармасының өкілі Нұргүл Азанбаева.
Аталмыш гимназияның директоры Әскербек Дүйсембаев та сөз алып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
— Ұстаз есімін ұлықтауды өзіме міндет санадым. Әріптестеріммен ақылдастым, олардың тарапынан түрлі ұсыныс түсті. Соның ішінде осындай арнайы кабинет ашу мәселесіне тоқталдық. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, сіз Қазақстанның білім беру жүйесіне баға жетпес үлес қосқан ұстазсыз. Демек, сізге қандай марапат берілсе де, қандай құрмет көрсетілсе де бәріне лайықты жансыз. Біз сізбен мақтанамыз! — деді мектеп басшысы. Сонымен қатар, айтулы шараға қатысушылар да ұлағатты ұстазға жылы сөздерін айтып, гимназия ұжымын арнайы кабинеттің ашылуы-
мен құттықтады.
Педагоика саласының майталманына арналған заманауи оқу кабинетінде оқушылар қонақтарға өнер көрсетті, ұстазға арналған стенд таныстырылды. Сондай-ақ, гимназияның республикалық, облыстық деңгейдегі эксперименттерінде жоғары нәтиже көрсеткен мұғалімдері мен оқушылары марапатталды.
Айта кетерлігі, Рымкеш Хамитқызы 1971 жылы Павлодар облысының Ақсу қаласындағы (бұрынғы Ермак) №1 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, 1983 жылы осы мектептің директоры болып жұмыс істейді. Кейін, яғни 1995 жылы №1 қазақ мектебін, 2000 жылы мемлекеттік тілде оқытатын гимназияны, 2011 жылы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның басшысы болып еңбек етті.
Осылайша, педагогика саласында 45 жыл талмай тер төккен білікті маман оның 30 жылында мектеп директоры болып абыройлы қызмет атқарған.
Нұржайна ШОДЫР.