Ақтоғай ауданы былай тұрсын, облысқа іскер азамат ретінде танылған Шайахмет Сәдуақасов мәртебелі 70 жасты зор абыроймен қарсы алды. Мемлекеттік басқару жүйесінің білікті маманы, қаламы қарымды журналист, ұлағатты ұстаз болып өнегелі өмірін өре білген арда азаматтың «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» деген жерлестері лайық көрген атағынан-ақ еселі еңбегін аңғаруға болады. Шайахмет Жақсыбайұлының мерейлі мерейтойына орай аудан әкімдігінде арнайы салтанатты кеш ұйымдастырылып, ақтоғайлықтар тік тұрып құрмет көрсетті.
Кештің шымылдығын ақын Бейсенбі Мұқажанов арнау өлеңмен ашып, Шайахмет Жақсыбайұлының жақсы қасиеттерін атап өтті. Кейін экраннан мерейтой иесінің өмірбаянына шолу жасалған бейнеролик көрсетілді.
Шайахмет Садуақасов 1954 жылы 19 желтоқсанда Краснокутскі ауылында туған. Әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Сәдуақасов Жақсыбай мен анасы Айғазинова Нәзипа — 10 бала тәрбиелеп өсірген ұлағатты отбасы.
Шайахмет Жақсыбайұлы 1972 жылы Краснокутскі орта мектебінен түлеп ұшып, 1977 жылы Павлодар педагогикалық институтын математика мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1972 жылы қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1977-1979 ж.ж. Шідерті орта мектебінде мұғалім, халыққа білім беру бөлімінде әдіскер, 1979-1981 ж.ж. аудандық комсомол комитетінің хатшысы, екінші хатшысы болып еңбек етті. 1982-1990 ж.ж. аупарткомнің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, меңгерушісі болды. 1990 жылы мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып тағайында-лады, ал 1991 жылдың наурызында аупарткомның екінші хатшысы болып сайланады. Кейінгі жылдары соцпартияның ұйымдастырушысы, «АПС» ШКК филиалының директоры, кәсіпкер, 1999-2002 ж.ж. «Еркен сервис» МКК-сы директо-рының орынбасары, директоры болды. 2002 жылдың қарашасынан мемлекеттік қызмет саласына ауысып, мәдениет, спорт және жастар ісі жөніндегі, жұмыспен қамту бөлімдерінің меңгерушісі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімінің бастығы, аудан әкімі аппаратының басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. 2012-2022 жылдар аралығында аудандық «Ауыл тынысы» және «Пульс села» газеттерінің редакциясы» ЖШС-ның директоры (бас редакторы) болып еңбек атқарды. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзіп көрген емес. Бүгінде ауданның қоғамдық кеңестің хатшысы болып еңбек етуде. «Ауыл тынысы» газетінің жарыққа шығуына да атсалысып жүр. Еңбегі бағаланбай қалған жоқ. ҚР Президенті атынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен, өзге де грамоталармен марапатталды. Жұбайы, денсаулық сақтау саласының ардагері Сәуле Абзалқызымен 2 бала тәрбиелеп, бүгінде 6 немеренің қызығына кенеліп отыр.
Салтанатты кеште аудан әкімі Қаршыға Арынов мерейтой иесін құттықтап, сый-сыяпатын табыстады.
«Шайахмет Жақсыбайұлы, сіз халықтың игілігі үшін жұмысыңызға деген адалдығыңыздың арқасында әрқашан жерлестеріңіздің құрметіне бөлендіңіз. Көптеген жылдар бойы өзіңізді қоғамға қызмет етуге арнадыңыз. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы мәртебесі – сіздің үздіксіз және адал қызметіңіздің лайықты мойындауларының бірі ғана. Сіз Ақтоғай ауданында түрлі салаларда, оның ішінде партия, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызметте, журналистикада жұмыс атқарып, ауданымызда әлеуметтік-экономи-калық өркендеуіне өзіндік үлес қосып, жемісті қызмет атқардыңыз. Сондықтан да сізді еңбекқор адам ретінде өңір жұртшылығы жақсы біледі.
Зейнет жасқа шыққаныңызға қарамастан, бүгінгі күні қоғамдық өмірге белсене қатысып келесіз. Сәуле тәте екеуіңіз бүгінде әртүрлі салаларда жұмыс істейтін, өздерін халыққа қызмет етуге арнаған лайықты азаматтарды тәрбие-ледіңіздер. Өзіңіздің өмірлік тәжі-рибеңізді, біліміңізді, ұйымдас-тырушылық қабілетіңізді пайдаланып, сіздерден жақсы тәрбие алған балаларыңыз бен немере-жиендеріңіз келешекте тек жақсы табыстарға жетуіне тілектеспін. Арайлап атқан әрбір таң қуаныш пен береке, отбасыңызға ырыс пен бақ әкелсін! Мерейтойыңыз-бен құттықтап, сізге бақытты өмір, қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен жақсылық тілеймін! – деді аудан басшысы.
Кейін мерейтойының әр кезеңде үзеңгілес достары, әріптестері болған азаматтар сөз алып, ақжарма тілектерін білдірді.
«Әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ, атқарған еңбек, көрген бейнет, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Көпшіліктің іздейтіні, арманы – кісілік келбет, адами қасиет. Оған жеткен де, жетпеген де бар. Өзінің өмірінде достық пен сыйластықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүрген Шайахмет Жақсыбайұлымен көптеген жылдар араласып, достығымыз жарасып келе жатыр. Екеуміз бір мектепте оқып, жастық шақты бірге өткізіп, қызметтес болып, қызығы мен шыжығы мол сәттерді бастан кештік. Шайахмет Жақсыбайұлына зор денсаулық, баянды ғұмыр тілеймін», — деді еңбек ардагері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Жақсыбек Алин.
Мерейтой иесін сондай-ақ, аудандық «AMANAT» партия филиа-лының атқарушы хатшысы Беслан Уюкбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтілек Арынов, Жандарбек мешітінің бас имамы Ахметолла қажы Қожахметов, «Ауыл тынысы» ЖШС директоры, аудандық газеттің бас редакторы Бауыржан Бәкібаев құттықтап, құрмет көрсетті.
Салтанатты шара мемлекеттік қызмет саласының ардагері, мерейтой иесінің жолдасы Мейрам Ноғаевтың, аудандық Мәдениет үйі көркемөнерпаздарының ән шашуымен өрнектелді.
Жиын соңында туған күн иесі аудан басшылығына, әріп-тестеріне, барша жиналған қауымға өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.
Ақтоғай аудандық
«Ауыл тынысы» газеті.