«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жоламан ауылында жаңа су құбыры іске қосылды. Бұл маңызды оқиға Жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс келіп, ауыл тұрғындары үшін тамаша сыйлық болды.

Ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен аудан басшысы Қаршыға Арынов құттықтап, алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды атап өтті.

— Аталмыш су құбыры Жоламан ауылындағы ауыл тұрғындарын таза сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді. Осы ретте тұрғындардың денсаулығы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Үйлеріңізге енген ауызсудың игілігін көруге тілектестік білдіремін, — деді Қ.Арынов.

Аталған жұмыстарды «АрАй-Нс» мердігерлік ұйымы 189 млн теңгеге орындады. Жұмыстар барысында 48 тұрғын үйге су тартылды.

— Бұған дейін суды құдықтан алып келгенбіз. Сол себепті тұрғындардың дені арнайы су тазартқыш құрылғыларын сатып алуға мәжбүр болды. Алайда мына жаңалық көптің көңілін көтерді. Қала тұрғындары секілді, біз де сапалы ауызсуға қол жеткіздік. Облыс және аудан басшылығына алғысымыз шексіз, — дейді ауыл тұрғыны Төлеген Бегалинов.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ауданның 15 елді мекенінде су жабдықтау жүйесі толық жұмыс істеп тұр. Ал Шұға ауылында су құбырының құрылысы жақын арада аяқталмақ.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы.