Өңіріміздің даңқын шығарған ұлы адамдарды қадір тұту — міндетіміз. Солардың бірі — ағартушылардың арасында бағалы еңбектерімен танылған Төлеутай Ақшолақов. Биыл дара тұлғаның туғанына 110 жыл толып отыр. Оның құрметіне әдеби-сазды кеш өтті.
Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы әдебиет әлемін терең зерттеген. Төлеутай Ақшолақов — педагогика ғылымының докторы, профессор, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының түңғыш редакторы. Сондай-ақ, ұстаздарға арналған көптеген әдістемелік оқу құралдары, зерттеу және монографиялардың авторы. Өзінің зерттеу еңбектерінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармаларына кеңінен тоқталған.
Белгілі педагог-ғалым Ұлы Отан соғысында қатардағы жауынгер ретінде борышын атқарған. Сол кезде қаламы ұшталып, майдан газетінің шолушысы қызметін атқарады. Оның қорында жауынгерлік еңбегі мен журналистика саласына қосқан үлестері үшін берілген марапаттар мол.
Өңіріміздің Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына Төлеутай Ақшолақовқа 110 жыл толуына орай өткізілген әдеби-сазды кешке ұстаздар мен мектеп оқушылары, жас өнерпаздар қатысты.
– Бүгінгі шараға арнайы Алматы қаласынан педагог-ғалымның ұлы Мейрам Ақшолақов келіп отыр. Өзімен бірге әкесінің жәдігерін ала келіп, біздің мұражайдың қорын толықтырмақ. Бұдан былай жерлесіміздің кітаптары мен суреттерін өскелең ұрпақ кеңінен танитын болады, – деді мұражай қызметкері Абзал Рымбек.
Әдебиетші ғалым Төлеутай Ақшолақов өз еңбектерінде қазақ әдебиетіндегі көркем шығармаларға талдау жасап, мән-мағынасын ашқан. Бүгінде оның 200-ден астам ғылыми жұмысы кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, қазақ әдебиеті оқулығының тұңғыш авторы ретінде жеті монографиялық еңбекті жазған. Одан бөлек, Гончаровтың «Обломовын», Шекспирдің «Гамлетін» қазақшаға аударып, Майра Уәлиқызы, Қажымұқан, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Сәбит Дөнентаев шығармашылықтарын терең зерттеген.
Ғалымның ұлы Мейрам Төлеутайұлының айтуынша, әкесі игі істерінен бөлек, тәрбиеге барынша көңіл бөлген. Қатарластары уақыт өте келе мектеп тәмамдаған кезде көптеген дарынды жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, ғалымның қаржылай көмек көрсеткенін айтқан.
– Әкем жаны жайсаң адам еді. Көбінесе жастармен әңгімелес-кенді ұнататын. Болашаққа деген сенімі зор болатын. Қалың ортада сыйлы болды, жан жолдастары Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекқожинмен жақсы араласатын, – дейді ол.
Әдеби-сазды кеште өңіріміздің жас өнерпаздары әсем әуен мен жүректен шыққан өлеңдерімен жиналған қауымды тәнті етті.
Салтанат ҒАББАС.