Елімізде шалғай ауылдағы тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында игі істер атқарылуда. Бұған дейін еміне дауа іздеп аудан, облыс орталығына қатынаған бірқатар елді мекен тұрғындары үшін жаңа заманауи медициналық нысандар пайдалануға берілді. Биыл шалғай ауылдардағы санитарлық көліктер де жаңартылады. Осылайша, ауылдағы ағайынның көптен күткен тілегі орындалып, қуанышқа кенелуде.
Мұндай ауқымды іс аймағымыздағы бірнеше ауылда жүзеге асты. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің айтуынша, 2024 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде 25 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 5 нысан биыл пайдалануға беріледі. Бұл 15 мың ауыл тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
— Жаңа медициналық мекемелер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде телемедицина, жүректі тексеруге арналған кардиограф пен дефибриллятор да бар. Кадр әлеуетін нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдан бастап облысымыздың ауылдарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін көтерме төлем бағдарламасы іске қосылды. Оның көлемі 8,5 млн теңгені құрайды. Осы бағдарламаның аясында аймағымызға 182 маман тартылды.
2025 жылы ауылдағы халықтың денсаулығына ерекше назар аударылады. Облыс аудандарына 137 бірлік медициналық жабдық сатып алынады. Сондай-ақ, шалғай ауылдар үшін санитарлық көлікті жаңартудың үш жылдық бағдарламасы аяқталады. Бұл автопарктің 100 пайызға жаңаруын қамтамасыз етеді, — дейді Д.Жамбайбек.
Аймағымызда ашылған 25 медициналық нысанның бірі – Аққулы ауданындағы Жабағылы ауылында бой көтерген. Жергілікті тұрғын Мақпал Манапқызы жұртшылықтың қуанышында шек жоқ екенін айтады.
— Елді мекенде заманауи құрыл-ғылармен жабдықталған медициналық пункт бірінші рет ашылып отыр. Ауылда 200-ден астам адам тұрады. Мекемеде бір медбике жұмыс істеп, қажетті көмекті көрсетуде. Енді аудан орталығына сабылмайтын болдық. Қажетті тексеретін құрылғылар өзімізде де бар. Жергілікті билікке алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — дейді зейнеткер.
Жалпы, ауылдағы халықтың денсаулығын жақсартуда еліміз бойынша игі істер атқарылып келеді. Мәселен, 2024 жылы 3072 елді мекеннің 1,2 млн тұрғыны «дөңгелектегі емханалардың» көмегімен дәрігерлердің кеңесі мен диагностикалық ем-шараларға қол жеткізді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде ауылдық аудандарда медициналық инфрақұрылымды жүйелі жаңарту жалғасуда.2024 жылы 460 нысанның құрылысы аяқталды, 2025 жылы тағы 195 медицина нысаны тапсырылады.
Жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда және фельдшерлік-акушерлік пункттерде алғаш рет күндізгі стационарлар, амбула-ториялық оңалту үшін физиотерапия кабинеттері, ауданнан тыс жерлерге бармай, зерттеп-қараудан өту мүмкіндігімен зертханалық кабинеттер пайда болды.
Жабдықталған телемедициналық кабинеттерде ауылдық емделушілер облыстық және республикалық клиникалардың жетекші дәрігерле-рінен қашықтықтан кеңес ала алады. Телемедицина қызметтері бір жылда 2 есеге ұлғайтылды.
Ауыл тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі үшін 2025 жылы 32 аудандық аурухананы жаңғырту жалғасады, олардың базасында ангиографтармен, КТ, МРТ жабдық-талған кардиологиялық орталықтар, травматология, реанимация, хирургия бөлімшелері ашылады.
Бүгінгі таңда өңірлерге медициналық жоғары оқу орын-дарының 4148 түлегі жіберілді, оның ішінде ауылдық елді мекендерге 1233 дәрігер бөлінді. Барлығы 544 түлек әлеуметтік қолдау алды. Еліміздің өңірлерінде алғаш рет ауылдағы 89 дәрігер, оның ішінде акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, хирургтар 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлемдермен қамтамасыз етілді.
Ауылдық денсаулық сақтауды жақсарту жөніндегі кешенді тәсілдің нәтиже-сінде Қазақстанда соңғы 5 жылда сырқаттанушылық көрсеткіші 12,9 пайызға, оның ішінде қала халқында 15,1 пайызға және ауыл халқында 9,3 пайызға төмендеді. Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы жоғары технологиялық медицина бойынша бірқатар жоба ел бойынша маңызды.
Қазақстанда алғаш рет «Феталдық медицинасы» жобасы іске қосылып, 20 жатырішілік операция сәтті жүргізілді. Бұл технологиялар ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын аз инвазивті емшаралар арқылы түзетуге және емдеуге арналған. Олар балалардың арасында мүгедектіктің алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарына қолжетімді болады.
Ауылдар мен қалалардың тұрғындары үшін денсаулық сақтауда тең жағдай жасау ұлттық жобаның негізгі мақсаты болып табылады.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.