Томарлы ауылында «АгроДаму» ЖШС тауарлы сүт фермасына Германиядан голштин тұқымды 99 бас ірі қара мал жеткізілді. Негізі жоспар бойынша 135 бас құнажын әкелінуі тиіс еді. Көрші елмен шекарада отыздан астам бас мал өткізілмеген көрінеді.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, серіктестік биыл ірі инвестициялық жоба — тауарлы сүт фермасын кеңейту жұмыстарын түйіндейді. Сүтті сиыр басын көбейтумен бірге жаңа жабдықтар сатып алынған. Нақтысы, сиыр сауатын, сүтті салқын күйінде сақтайтын жабдықтар, сүт түтіктері жеткізілген. Ферманың қуаты 800 басқа дейін арттырылады.

Кәсіпорын «Агробизнес» бағдарламасы аясында 6 пайызбен несие алған. Яғни, аграрлық несие корпорациясынан алған 852 млн теңге сомаға фермаға техника, жабдықтар мен Германиядан голштин тұқымды құнажын сатып алуға келісімшартқа отырған. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы күзде тағы 135 құнажын жеткізілген болатын.

Г.МАҒЖАН.