Қар уақытылы шығарылады

Ақп 6, 2025

Соңғы уақытта облыс орталығында қар қалың жауып, коммуналдық қызмет мамандарының
жұмысы айтарлықтай күшейді. Олар көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына жайлы жағдай жасау үшін тәулік бойы бел жазбай еңбек етуде.

Жергілікті әкімдік қаланы қардан тазалау мақсатында «Горкомхоз – Павлодар» және «Холдинг-Трансс-Павлодар» мердігерлік ұйымдарымен келісімшарт жасады. Соған сәйкес, аталмыш екі кәсіпорын облыс орталығындағы көшелер мен қоғамдық орындардың аумағынан қарды уақытылы шығаруға міндетті. Атап өтерлігі, қысқы уақытта қала көшелерін тазартуға шамамен 250 адам және 300 техника шығады. Жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда жүргізіледі. Бірінші ауысымның мамандары 7.00-ден 20.00-ге дейін еңбек етсе, екінші ауысым 21.00-ден 6.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бірінші кезекте орталық көшелердің барлығынан, кейін қосымша көшелер мен айналма жолдар-дағы қар шығарылады. Сонымен қатар, коммуналдық қызмет мамандары аялдамалар, тротуарлар, жаяу жүргіншілер өтетін жолдар, кварталішілік аумақтардың тазалығына да жауап береді. Бұл ретте әлеуметтік нысандарға барар жолға баса назар аударылып, тұрғындардың мекемелерге қиындықсыз жетуіне жағдай жасалады.

Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 қаңтардан бері жеке сектор аумақтарындағы қар да сыртқа шығарыла бастады. Бірінші кезде қарғын судан зардап шегу қаупі жоғары шағын аудандарға – екінші Павлодар мен Зеленстрой аудандарына басымдық беріледі. Бүгінгі таңда Зеленстрой мен Лесозауыт шағын аудандары қардан толығымен тазартылды. Қазіргі уақытта екінші Павлодар, МДС және Радиозауыт аудандарында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Осы орайда қала билігі кәсіпкерлер бизнес нысандарына іргелес аумақтағы қарды шығаруға жауапты екенін еске салды. Жергілікті кәсіпкерлік бөлімі тұрақты түрде мониторинг жүргізіпі, бұл ережені елемеген бизнес өкілдеріне ескерту беріп жатады.

Айта кетелік, қыс басталғалы облыс орталығынан шамамен 265 мың тонна қар шығарылды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.