Елімізде ағымдағы айда барлық ұялы байланыс операторлары тариф қымбаттайтынын мәлім етті. Өткен жылы бұл қызмет түрі 20 пайызға өсірілгенін еске салайық.
Операторлар былтыр жыл соңында бағаны қымбаттатпақ болған. Алайда, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жаңа жыл қарсаңында көпшіліктің көңілін бұзбас үшін баға өсіруді сәл шегеруге ұялы байланыс компанияларын көндірген көрінеді. Бірақ, құзырлы министрлік «Байланыс туралы» заңға сүйене отырып, бұл қызмет түріне бағаны реттеуге құзыреттері жетпейтінін меңзеді. Демек, байланыс қызметінің бағасын операторлар өздігінен бекітеді.
— Біз тарифтерді реттей алмаймыз, ондай құзырет бізде жоқ. Тиісінше операторлар тарифті қаншаға өсіретінін айта алмаймыз. Бұл — олардың заңды құқығы. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес олардың қызметіне араласа алмаймыз. Бізде тарифтерге қатысты бақылау жоқ, — деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.
Айта кетейік, елімізде Beeline, Kcell, Tele2, Altel ұялы байланыс операторлары жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз тарифін белгілеуде. Операторлар бағаны өсірмеске болмайтынын алға тартуда. Оған бірқатар факторлар әсер ететінін мәлім етті. Соның бірі 1 ақпаннан бастап электр энергиясы құнының өсуі де ұялы байланыс шығынының артуына жетелейтін көрінеді. Сонымен қатар, елімізде мобильді интернетті тұтыну көрсеткіші өскен. Сәйкесінше, желілерге қызмет көрсету, жаңғырту, базалық станциялар қатарын көбейту талап етіледі. Бұл қосымша шығынды да ұялы байланыс компаниялары ескерсе керек. Beeline тарифтің 10 түрі бойынша бағаны көтермек. 15 ақпаннан бастап, абоненттік төлем шамамен 1000 теңгеге қымбаттайды деп күтілуде. Kcell 23 тарифтік планның абоненттік төлемін өсіреді. Баға 26 ақпаннан бастап артады. Әрбір тариф 300-ден 700 теңге шамасында көтеріледі. Tele2 тарифтердің бес түрінің бағасын 1000 теңгеге өзгертпек.
Altel «Жеке архивтік» тарифі бойынша ғана бағасын өсіруді жоспарлауда. Осы орайда, операторлар абоненттерге тариф бағасының өсуінің әсерін барынша азайту мақсатында отбасылық тариф пакеттерін ұсынуда. Мұндай пакеттер байланыс қызметіне төлемді арзандатады. Одан бөлек, зейнеткерлерге, студенттер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы ұсыныстарын қарастыруда.
Г.МАҒЖАН.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.