Павлодар ауданында атқарылып жатқан ауқымды істердің қарасы қалың. Бүгінгі таңда аграрлы өндірісті аймақ мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестиция тарту, экономикалық өсім жағынан көш бастап тұр. Кәсіпкерлік саласы мен ауыл шаруашылығы саласы бойынша да атаулы өңірдің аяқ алысы жаман емес. Дамудың даңғыл жолына түскен ауданда игі бастамалар биыл да жалғасын таппақ.
Жобалар жүзеге асуда
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024 жылы бюджетке енгізілген 34 жоба жүзеге асырылды. Оның 17-сі — инфрақұрылым, 9-ы әлеуметтік жобаларға арналса, 8-і абаттандыру жұмыстарын қамтыды. Сондай-ақ, аудандық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 7 жоба арналды. Оның ішінде 100,4 млн теңге сомасына Ефремовка-Луганск (2,4 шақырым) аудандық маңызы бар автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Достық (0,5 шақырым), Қаракөл (0,5 шақырым), Богдановка (0,6 шақырым), Аққұдық (0,6 шақырым), Бірлік (1 шақырым) және Жертұмсық (1,9 шақырым) ауылдарында жалпы сомасы 174,9 млн теңгеге кірме жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Ал, ауылішілік жолдарды жөндеуге бағытталған 10 жобаның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 187,3 млн теңгеге Розовка ауылының (2 шақырым) және Госплемстанция ауылының (3,4 шақырым) жолдары орташа жөндеуден өтті.
— Облыстық бюджет қаражатынан 284,1 млн теңгеге Ефремовка ауылында (1,2 шақырым), Сычевка ауылында (1,3 шақырым), Мичурин ауылында (2,9 шақырым) және Подстепное ауылында (2,7 шақырым) кентішілік жолдар орташа жөндеуден өтсе, аудандық бюджет есебінен 24,2 млн теңгеге Толыбай ауылының жолы орташа жөндеуден өтті. Сонымен бірге, өткен жылы 107,6 млн теңге сомасына «Розовка» бөбекжайының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде облыстық білім басқармасы арқылы жүзеге асырылды. Бұдан басқа, Кемеңгер ауылында 53,7 млн теңгеге үлкен футбол алаңы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталу сатысында тұр. Аталмыш жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолдау тапты. Сондай-ақ, бұл бағдарламамен 60,7 млн теңгеге Розовка ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 7,7 млн теңгеге ауыл орталығында тренажерлар мен воркаут алаңы орнатылды, — деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, 2024 жылы облыстық бюджет есебінен 36,2 млн теңгеге Заря ауылында жүгіру жолы орнатылса, 66,9 млн теңгеге Заңғар ауылындағы клуб күрделі жөндеуден өтті. Ал, Рождественка ауылындағы мәдениет үйінің аумағын абаттандыру, кеспетас төсеу жұмыстарына 4,5 млн теңге бөлініп, аталған ауылда шағын футбол алаңы бар спорт алаңының құрылысына 14,3 млн теңге жұмсалды.
— Өткен жылы Ефремовка, Розовка, Пресное, Ольгинка, Мичурин ауылдарында балалар ойын алаңдарын орналастыруға 31,3 млн теңге бөлінді. Шақат ауылындағы «Молодежный» саябағын абаттандыру жұмыс-тарына 31 млн теңге, Толыбай ауылындағы орталық саябақты абаттандыруға 5 млн теңге, Набережное ауылындағы тротуарларды ретке келтіру жұмыстарына 13,3 млн теңге, Госплемстанция ауылында балалар ойын алаңын орналастыру мақсатында 12,5 млн теңге, Жаңа қала ауылының клубының алдына кеспетас төсеу жұмыстарына 7,4 млн теңге, Заря ауылындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысына 2,6 млн теңге және Кемеңгер ауылында көшелердің электр жарығын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына (ұзындығы – 13,3 шақырым) 176,6 млн теңге бөлініп, игерілді, — делінген баспасөз хабарламасында.
Келешекке көзделген меже
Бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданға қарасты бірқатар ауылдың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау нысандары жаңарып, жөнделуде. Сондай-ақ, ауданда ауызсу, жарық, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету салалары бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы аудан бойынша бюджетке енгізілген 24 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның 8-і инфрақұрылымдық, 4-і әлеуметтік жобаларға арналса, 12-сі абаттандыру жұмыстарын қамтиды. Атап айтқанда, биыл Ефремовка ауылындағы 5 көшенің жолы орташа жөндеуден өтеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бұл мақсатқа 280,6 млн теңге бөлінді. Сонымен қоса, жалпы ұзындығы 9,855 шақырымды құрайтын 4 ауылдың кентішілік жолын орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Оның ішінде Пресное ауылындағы 2 шақырым, Новоямышев ауылындағы 2,2 шақырым, Мичурин ауылындағы 4,3 шақырым, Ольгинка ауылындағы 1,4 шақырым ауылішілік жолдар бар. Сондай-ақ, биыл 77,9 млн теңгеге Кемеңгер ауылының Терешкова және Тәшенов көшелерінің бойындағы ауылішілік жолдар орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
— 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 336,6 млн теңгеге Мичурин ауылында ауылдық мәдениет үйінің ғимаратын салу, 153,4 млн теңгеге Ефремовка ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, 3,8 млн теңгеге Рождественка ауылындағы мәдениет үйінің жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, биыл Набережное және Жаңа қала ауылдарында балалар ойын алаңдарын орналастыру (18 млн теңге), Ольгинка, Госплемстанция, Шақат және Набережное ауылдарындағы шағын футбол алаңдарын ағымдағы жөндеу (40,2 млн теңге), Шақат ауылында жаяу жүргіншілер жолын орнату (4,1 млн теңге), Розовка ауылында шағын футбол алаңы, балалар ойын алаңы және көшелерді жарықтандыру бағандарын орнату (2,5 млн теңге), Ново-ямышев және Ольгинка ауылдары арасындағы жол астындағы су өткізгіш құбырларды салу (19,7 млн теңге) және Ефремовка ауылында су тасқынынан қорғайтын жағалау құрылысы (5,2 млн. теңге) көзделіп отыр.
Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту екені белгілі. Осылайша маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ, ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән берілуде, — деді баспасөз қызметінде.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Павлодар ауданы.