Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еліміздің әр өңірінде жалпыреспубликалық «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізу жоспарланған болатын. Игі шара бұрнағы күні облысымызда ұйымдастырылды. Оған өндірісті өңіріміздегі кәсіпорындар, орта бизнес өкілдері белсенді қатысып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңке облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының мұрын-
дық болуымен өтті. Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек қатысып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған мұндай жәрмеңкенің мемлекет үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Қазбек Жомартовтың айтуынша, шараның басты мақсаты — жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатып, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуға жәрдемдесу болып табылады. Жәрмеңкеге облыстағы өндіріс, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша 53 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Олардың тарапынан жұмысшы мамандықтары және басқа да бағыттар бойынша 395 бос жұмыс орны ұсынылды. Бұл шараға екі қолға бір күрек іздеген 500-ден астам павлодарлық келіп, өзіне лайықты жұмыс қараумен қатар, кәсіптік даярлау мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау түрлері және жұмыспен қамту бағдарламалары туралы жан-жақты кеңес алды. Нәтижесінде, 143 тұрғынға тікелей жұмыс берушілер тарапынан әңгімелесуге шақыртулар берілді.
Шара барысында сондай-ақ, облыстағы қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған 21 кәсіпкер қатысушыларға өз өнімдерін ұсынып, шағын бизнесті дамыту жайлы тәжірибелерімен бөлісті. Облыстың мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен жәрмеңкеге келген тұрғындар құрметіне арналып ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.
— Шара өз деңгейінде өтті деп айтуға болады. Жұмыс берушілердің де, жұмыс іздеп жүрген азаматтардың да жәрмеңкеге деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Демек, осындай ауқымды іс-шаралар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеп жүрген жандар үшін тиімді платформаға айналып,
іскерлік байланыстарды дамытуға, еңбекке орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге және жұмысшы маман-дықтарының мәртебесін арттыруға ықпалын тигізері сөзсіз, — дейді еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Қазбек Жомартов.
Нұржайна ШОДЫР.