Таяуда облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына қарасты Шалдай ауылында орналасқан психоневрологиялық- әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, ондағы жағдаймен таныс болды.
Қазіргі таңда аталмыш орталықта 300-ге жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Оларды дамытып, сауықтырумен қатар, әр күнін мазмұнды өткізуі үшін түрлі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, спорттық бағыт бойынша баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі үйірмелері ашылса, ісмер адамдар үшін тігін тігу, тоқыма тоқу, сәндік қолданбалы өнер шеберханалары жұмыс істейді. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, жарымжан жандардың жағдайына байланысты топтық және жеке қызмет түрлері көрсетілуде. Сондай-ақ, мекемеде мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, мамандар тарапынан орталықты білікті кадрлармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны жақсарту, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды өзекті мәселелер көтерілді. Бұл сұрақтар алдағы уақытта назарға алынбақ.
Н.ШОДЫР.