Өнермен өрілген өмір

Ақп 13, 2025

Ертіс-Баян өңіріндегі өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, есімі құрметпен аталып жүрген әнші, сазгерлер аз емес. Олардың ішінде әр алуан тақырыптағы әндерімен, шығармашылық еңбектерімен облысымызға танымал болған әнші, сазгер Рахметхан Нұрбасаровтың туғанына биыл – 80 жыл. Жуырда Бұқар  жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде өнер иесінің мерейтойына орай «Дала әуені» атты еске алу кеші өтті.

Рахметхан Нұрбасаров 1945 жылы Май ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрбасар өнерге жақын адам болған. Содан болар, әнші де әнге бала кезден құмар болып өседі. Мектепті тәмамдаған соң ағасы Мерзихан Шайхин қызмет еткен Май аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып еңбек етеді. Қызмет ете жүріп, білім алу мақсатында облыстық халық шығармашылығы үйі жанындағы баяншылар курсына оқуға түсіп, үздікке аяқтайды. Өзінің ізденгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында әндерді домбыра мен сырнайға қосып, халықтың сүйікті әншісіне айналады. Сонымен қатар, 1969 жылы Павлодар қаласында «Жас ұлан» ұйымында жас жеткіншектерді ұлттық өнер арқылы ұлтжандылыққа баулыды. Сондай-ақ, актерлік қырымен де көпке танылды.

Сазгерді еске алу кешіне Рахметхан Нұрбасаровтың өнердегі әріптестері және жақын туыстары қатысты. Аталған кешке кенже қарындасы Гүлжанат Нұрбасарқызы да қатысып, ағасы туралы естелігімен бөлісті.

— Ағам үлкен ағасы Мерзихан Шайхинге еліктеп өсті, дәріс алды. Мектеп жасынан домбыра мен сырнайда ойнап, түрлі шараға қатысты. Жетістіктері жетерлік болды. Жары Пәну екеуі филармонияда көп жыл еңбек етті. Кейін шетел асып, Үндістан, Моңғолия секілді елдерде өнер көрсетті. Мұны бірі білсе, бірі білмес. Бүгінде ұрпақтары өнерін жалғастырып келеді, — дейді Г.Нұрбасарқызы.

Кеш барысында Май аудандық «Май әуендері» фольклорлық ансамблі Рахметхан Нұрбасаровтың «Аққулар әсем», «Жазғы жайлау» секілді әндерін орындады.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.