Биыл жазушы Қалмұқан Исабаевтың туғанына — 100 жыл. Аталған мерейтойға орай, Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен және «Aiqara.kz» әдеби порталының ұйымдастыруымен облыстық прозалық шығармалар байқауы өтеді.
Өмірінің саналы бөлігін қаламгерлік пен қайраткерлікке арнаған Қалмұқан Исабаевтың «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Қара бала», «Сұңқар самғауы», «Соңғы тәулік», «Соңғы ерлік», «Өткелде», «Жолдас комендант», «Арна», «Соңғы тәсіл», «Айқыз», «Бақытты сәттер», «Шоң би», «Қажыға барған қазақтар», «Комендант», «Қаныш аға осындай еді», «Жанашыр жазбалары», «Мұндайлар болған», «Алғы шепте» сынды көптеген кітабы жарық көрді. Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес болып қосылған бұл туындыларда қаламгер ел-жер тарихын баяндайды. Заңғар тұлғалардың, адал азаматтардың тағдырын, халқымыздың есімі ұмытыла бастаған ұл-қыздарының өмірін үлгі ете әңгімелейді. Су, өндіріс, ауылшаруашылық сынды салалардағы еңбеккерлерді арқау етеді. Отансүйгіштікті, патриотизмді дәріптейді, соғыс тақырыбын қозғап, әскери тыныс-тіршілікті бейнелейді, қарапайым қазақ әйелінің тағдырын жырлайды.
Осындай ауқымды тақырыптарды көтеріп, қарумен де, қаламмен де халқына адал қызмет еткен тұлғаның есімін ұлықтауға арналған байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, қаламгерлерді, әсіресе, талапты, талантты жастарды іздеп табу және қолдау секілді бірнеше мақсатты ұстанады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық прозалық шығармалар (әңгіме) байқауына Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Павлодар облысына қарасты барлық аудандардан 18 жастан асқан кез келген қаламгер қатыса алады.
– Қатысушы байқауға көлемі 15 беттен аспайтын әңгіме жанрындағы бір прозалық шығармасын ұсынады. Байқауға ұсынылған шығарма мемлекеттік тілде болуы керек және бұрын байқауға қатыспаған, ешқайда жарияланбаған болуы тиіс. Сонымен бірге, біз қоғамның, оның ішінде жазарман қауымның шығармалары сауатты әрі сапалы жазылуына баса мән береміз. Байқауға жолданған шығармаларда әріптік және стильдік қателіктердің болмауы талап етіледі. Шығармалар мазмұны мен идеясының тереңдігі, жазушының шеберлігі, авторлық жаңашылдығы, ішкі психологиялық иірімдер мен көркем эстетикасы бойынша бағаланады. Ал, шығармаларды бағалайтын сарапшылар мен қазылар алқасының құрамы әзірге жарияланбайды, — деді «Aiqara.kz» әдеби порталының бас редакторы Асыл Әбішев.
Үміткер шығармалар осы жылдың 1 маусымына дейін қабылданады. Әр шығарма көркем әдебиет сыншыларының, қазылар алқасының, сарапшылардың, оқырмандардың қатысуымен жеке-жеке талқыланып, бағаланады. Әр шығармаға талдау жасалып, «Aiqara.kz» әдеби порталында жарияланады. Бұл өңір қаламгерлерінің шығармашылығына сын тұрғысынан қарап, шеберлігінің шыңдалуына мүмкіндік береді.
Қатысушыларды ынталандыру үшін Баянауыл аудандық әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйақылар бар екенін де атап өткен жөн. Мысалы, байқаудың бас жүлдегері 750 000
теңге ақшалай марапатқа ие болмақ.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тамыз айында Баянауыл төрінде өтетін салтанатты жиында марапатталады деп жоспарлануда.
Байқауға қатысушы шығармасын 2025 жылдың 1 маусымына дейін aiqara@mail.ru электронды поштасына жолдай алады.
Өз тілшіміз.