Қазір «интернет-алаяқтық» деген ұғымнан ат үркиді. Әлемжеліде алданып, сан соғып жатқандар көп. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, интернет-алаяқтық жиілеп, тіпті, бүгінгі күні оның жаңа түрлері пайда болуда. Осыған орай, өңірде алаяқтықпен күреске бағытталған профилак-тикалық шаралар күшейтіліп, тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызмет-кері Сұлтанбек Қадыржанов қазіргі уақытта киберқылмысқа қарсы күресте заманауи технологиялардың көмегімен «Антифрод орталық» платформасы белсенді қолданылатынын атап өтті. Айтуынша, көптеген қылмыстардың цифрлық ортаға көшуіне байланысты алаяқтар өздерінің заңсыз мақсаттарын жүзеге асыру үшін интернет-технологияларды, әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және электрондық төлем жүйелерін пайдаланады.
— Криптовалюта мен онлайн-платформаларды қолданатын алаяқтық жеке азаматтарға да, компьютерлік жүйелердегі бухгалтерлік есеп, төлемдер өткізу және басқа да операцияларды жүргізу үшін пайдаланатын заңды тұлғаларға да қатты әсер етеді. Киберқылмыскерлер қоғамдық қатынастарды цифрландыруға және оларды заңсыз пайдалануға ықпал ететін онлайн қызметтердің көбеюіне ерекше назар аударуда. Осы қауіп-қатерлерге заманауи технологиялардың көмегімен қарсы тұру үшін «Антифрод орталық» платформасы белсенді қолданылады. Бұл жүйе тіркелген интернет-алаяқтықтар бойынша «дропперлердің» шоттарын жедел бұғаттайды. Бүгінгі таңда 52 банктік шот бұғатталған. Сонымен қатар, интернет желісінде заңсыз контентті анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері «Кибербақылау» бағдар-ламасын пайдалана отырып, заңсыз мазмұны бар сайттардың 247 сілтемесі бұғатталды, — деді С.Қадыржанов
Айта кету керек, соңғы уақытта Қазақстан азаматтарының «Sim-box» құрылғыларын орнату арқы-
лы SIM-карталарды іске қосып, алаяқтарға көмек көрсететін жағдайлар жиілеп кетті. Ағымдағы жылы қаңтарда Павлодар қала-сында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызмет-керлері облыстық прокуратурамен бірлесіп «IP-телефонияға» ретрансляцияны қамтамасыз ететін осындай 5 құрылғыны тәркіледі. Қазір аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.
— Интернет-сауда — алдаудың ең танымал тәсілдерінің бірі. Осыған байланысты Павлодар облысының полиция департаменті онлайн-сатып алу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салады. Қазір тек тексерілген сайттарды пайдалану, тауарды алғаннан кейін төлем туралы келіссөздер жүргізу қажет. Алайда, көптеген ескертулерге қарамастан, азаматтар күмәнді брокерлік компаниялар мен жалған инвестициялық жобаларға ақша салу арқылы өз қаражаттарынан айырылуда. Бұл ретте, өздерін банктердің, құқық қорғау орган-дарының немесе мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстыратын алаяқтардың телефон қоңырауларына ерекше назар аудару керек. Бөгде адамдардың өтініші бойынша жеке деректеріңізді, карта нөмірін және кодтарыңызды хабарламаңыз, — деп толықтырды ол.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.