«Болмаған балалық шақ»

Ақп 14, 2025

27 ақпанда Алматы қаласында «Болмаған балалық шақ» фильмінің тұсаукесері өтпек. Аталмыш туындының сценарийі шынайы оқиғаларға негізделген.

Бұл фильм – танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР «Дарын» жастар сыйлығы-
ның иегері Ақберен Елгезектің кейінгі жылдары бестселлерге айналған туындысы — «Болмаған балалық шақ» шығармасының желісі бойынша түсірілген драмалық фильм. Шынайы оқиғаға негізделген бұл туынды балалық шағынан ауыр тағдырдың сынағына түскен кейіпкердің өмірін суреттейді. Басты кейіпкер қиындықтар мен әділетсіздікке қарамастан, өз жолын табуға және адамдық қасиеттерін сақтауға тырысады. Фильмде «Болмаған балалық шақ» шығармасындағы оқиғаларға негізделген сюжеттер көрініс тапқан.

Айта кету керек, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы — қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып енген туындылардың бірі. Бүгінде кітап нағыз бестселлерге айналып, қалың оқырманға 40 мыңнан астам данасы таралған. Қазақ әдебиетінде көркем шығарманың дәл осындай ауқымды көрсеткішпен таралуы — айрықша құбылыс. Сонымен қатар, бұл шығарма — жеке автордан әлемдік «Amazon» платформасында және АҚШ-тағы танымал тарихи «Barnes & Noble» интернет-кітап дүкенінде, AppStore, Playmarket платформаларында сатылып жатқан тұңғыш кітап. Жуырда аталған туындының аудионұсқасы әйгілі «Audiobooks» платформасында жарық көргелі жатыр. Кітаптың башқұрт тіліндегі нұсқасы Башқұрстан Республикасында жылдың үздік прозасы ретінде танылды. Сондай-ақ, шығарма қырғыз, өзбек тілдеріне аударылуда. Осылайша, шығарма көркем әдеби туынды ретінде кең таралып, қалың оқырманның, оның ішінде орта Азия кітапсүйерлерінің сүйікті кітабына айналды.

Одан бөлек, шығарма Қазақстанның үш бірдей театрында сахналанып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленгенін де айта кеткен жөн. Барлық театрда шығарманың әр қойылымы аншлагпен өтті. Танымал ақынның шынайы өмірден алынған балалық шақ жайлы шығармасы әуелі көркем әдебиетке айналып, бестсел-лерлер қатарынан көрінсе, кейін театр туындысы ретінде өз көрерменін тапты. Ал бүгінде танымал шығарма экранизацияланып, отандық кино әлеміне сапарын бастады. Сүйікті шығармаларын театрдан көрген көзі қарақты көрермен «Болмаған балалық шақты» енді ел кинотеатрларынан тамашаламақ.

Қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып енген шығарманың кинодағы интерпретациясында елімізге танымал актерлер Ерлан Біләл, Берік Айтжанов, Әшім Ахметов пен жас актер Шәкәрім Алмасбек сомдайды. Келешекте аталмыш туындыны әлемдік кинонарыққа, әсіресе түрлі беделді кинофестивальдарға ұсыну жоспарда бар.

Өз тілшіміз.