Экосаябақ салынады

Ақп 20, 2025

Биыл облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында жаңа экологиялық саябақ пайда болмақ. Өзен жағалауын абаттандыруға кіріспес бұрын мұндағы бөгеттерді нығайту қажет.

Усолка шағын ауданындағы экосаябақ жобасы өткен жылдың қыркүйек айында таныстырылған болатын. Соған сәйкес, тұрғындар мен қала қонақтарының қолайлы жағдайда демалуы үшін балалардың ойын және спорт алаңдарын орнату, балық аулауға арналған аумақты жабдықтау, жаяу жүргіншілерге арнайы жолдар бөлу қарастырылған. Бұл саябақты абаттандыруға бюджеттен 1,4 млрд теңге жұмсау жоспарланған-ды.

Таяуда Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков экосаябақтың аумағын тексеріп, бірқатар нақты тапсырма берді.

— Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауқымды жоба – Усолка шағын ауданында эко-парк салу жұмыстарын бастағалы отырмыз.  Мердігерге қойылатын негізгі талап – бірде-бір ағаштың кесілмеуі әрі экологиялық табиғи материалдардың пайдаланылуы, — деді шаһар басшысы.

Жалпы алғанда шамамен 60 гектарды құрайтын аумақта құрылыс-монтаж жұмыстарын бастамас бұрын су басудың алдын алу мақсатында ұзындығы 2,2 шақырым болатын дамбаны нығайту қажет. Бұл жұмыстар келесі аптада басталып, Ертіс өзенінің суы тасығанға дейін аяқталуы тиіс.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.