Қаһармандарға құрмет көрсетіледі

Ақп 20, 2025

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіледі. Бұл ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бірқатар шара қолға алынуда. 7 мамыр  күні Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өтеді деп жоспарланған. Бүгінде Павлодар облысында майданнан оралған 6 қаһарман бар.

Олар — Сергей Выжутович, Василий Григораш, Мария Курбатова, Николай Ступка, Василий Москоченко, Мария Матюшина. Әрине, Жеңіс күні келген сайын олар қарулас достарын еске алатыны айқын.

Айтпақшы, Жеңістің 80 жылдығына орай арнайы медаль шығарылады. Мерейтойлық медаль майдангерлерге, соғыста жараланған, контузия алған немесе мүгедектігі бар ардагерлерге, блокададан аман қалғандарға, партизандар мен концлагерь тұтқындарына беріледі. Қорғаныс министрлігі жалпы тізімді бекіту құзіреті облыстық әкімдікке тапсырылатынын мәлімдеді.

Айтып өтсек, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» төсбелгісінде рейхстагқа ту тіккен батыр бейнеленеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында биыл осы мерекеге орай Астанада әскери шеру ұйымдастыру жоспарланғанын айтқан еді.

«Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды.

Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Жеңістің мерейлі белесін атап өтуге дайындалу қажеттігін айттым. Сол кезде жариялаған бастамаларым қазірдің өзінде жүзеге асты. Мысалы, «Айбын» орденінің үш дәрежесі әйгілі батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталатын болды. Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің 604-ші әуе базасына әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді. Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жеңісті мерекелеу үшін елімізде біршама іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Президент осының ішінде ең маңыздысы — әскери шеру екенін атап өтті.

«Іс-шаралардың ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді.

Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз», деді Президент.

Белгілі болғандай, әскери шеруді ұйымдастыруға ел қазынасынан 2,5 млрд теңге бөлінеді. Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басшысының орынбасары Виталий Адамовичтің айтуынша, 7 мамыр күні Астанада әскери шеру Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ елі» монументінің алдында өтеді және үш кезеңнен тұрады.

— Бірінші кезең – тарихи және заманауи бөлімдерден тұратын жаяу әскер саптарының шеруі. Екінші кезең – механикаландырылған колонналардың жүруі, ол да тарихи және заманауи бөлімдерден тұрады. Үшінші кезең – авиацияның әуеде шеруі, деді Адамович.

Тәуелсіздік алаңына алғаш рет Қазақстанда жасақталған 23 дивизия мен бригаданың байрақтары, сондай-ақ «Т-34» танкісіндегі Жеңіс туының көшірмесі шығарылады. Сонымен бірге шеру барысында заманауи үлгідегі қарулы күштер мен әскери техникалар көпшілікке көрсетіледі. Жалпы алғанда, шеруге 4,5 мыңдай адам қатысады деп күтілуде.

Үкімет Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге арналған кешенді жоспар әзірледі. Жоспарда қаңтар айынан бастап желтоқсанға дейін өткізілетін көптеген шара енгізілген. Ең маңыздысы — 7 мамырда болатын әскери шеру. Бұл 2019 жылдан бергі тұңғыш парад болмақ. Ел Үкіметінің дерегінше, 2025 жылғы 9 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері Мәскеудегі әскери парадқа қатысып, Қызыл алаңмен шеру тарта жүріп өтеді.  Ал, сол 9 мамыр күні Қазақстанда Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары және басқа да елде қалған лауазымды тұлғалар ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімдерін өткізеді.

Сондай-ақ, халыққа арналған мерекелік отшашу болады.

Жеңістің 80 жылдығы құрметіне Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеке құттықтау хаттары және естелік сыйлықтар табыс етіледі. Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Жеңіс күніне орай биыл 5 миллион теңгеден таратылатынын жариялады.

«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ҰОС ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарлануда. Қазақстанда 2025 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлы Отан соғысының 120 ардагері қалды. Сондай-ақ, ҰОС жеңісіне үлес қосқан 42 545 азамат тұрады», – деп хабарлады ведомство.

Атап айтқанда, олардың ішінде:

  • қоршаудағы Ленинградтың кейін Қазақстанға көшкен тұрғын-дары – 67 адам;
  • кәмелетке толмаған кезде концлагерьлерде қамауда болғандар – 139 адам;
  • ҰОС кезінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 743 адам;
  • ҰОС-та қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам;
  • Соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлері – 41 594 адам.

Бұл ретте министрлік облыстардың, үш мегаполистің әкімдіктеріне сілтеме жасап, олардың ақпараты бойынша Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеу құрме-тіне 5 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек тек 120 ҰОС ардагеріне ғана берілетінін нақтылады. Басқа санаттағы адамдардың алатын көмегі әртүрлі болады.

Ресми мәлімет бойынша былтыр Ұлы Отан соғысының шамамен 148 ардагері ғана Жеңістің 79 жылдығына жете алған екен. Бұл — 2024 жылғы 1 мамырдағы, яғни, мерекелеу басталған кездегі статистика.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлы Отан соғысында жеңіске үлес қосқандар мемлекеттің қолдауынан тыс қалмайтынын мәлімдеді.

«Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру
мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады», – деп хабарлады ведомство.

Павлодар өңірінде тұратын соғыс ардагерлері мен тың еңбеккерлері мен соғыс зардабын тартқан өзге де әлеуметік топ мүшелеріне тиісінше көмек көрсетіліп, жәрдемақы беріледі.

Әзірлеген – Н.Қанатбекұлы.