Жеңілдікті алып тастау дұрыс па?

Ақп 20, 2025

Алдағы уақытта жол ережесін жиі бұзатын қазақстандықтар үшін айыппұл төлеуде берілетін 50 пайыз жеңілдік алынуы мүмкін. Яғни, бұдан былай көлік тізгіндеген адам жіберген әрбір қателігі үшін айыппұл арқалайды және оны толық көлемде төлеуге міндеттелмек. Осындай ұсыныс айтып, депутаттық сауал жолдаған сенатор Марат Қожаев айыппұл арқылы ережені қайта бұзумен күресу оң нәтиже бермей тұрғанын алға тартуда. Бұл ұсыныс қаншалықты орынды? Жеңілдікті алып тастау арқылы мәселе шешіле ме? Ел не дейді? Көпшіліктің ой-пікіріне құлақ түріп көрген едік.

Қазіргі таңда аталған мәселе халық арасында қызу талқылануда. Бірі қолдаса, енді бірі қарсылық танытуда. Бұл – заңдылық! Алайда айыппұл жол жүрісі қағидаларының жиі бұзылмауына кепілдік бере алмайды деген депутат Марат Қожаев:

— Техникалық құралдар («Сергек» жүйесі) жол жүрісі қағидаларын бұзудың негізгі бөлігін автоматты түрде тіркейді. Ережені жүйелі түрде бұзудың алдын алуға қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесі мүмкіндік бермейді. Өйткені, техникалық құралдар арқылы автоматты түрде тіркеген жүргізушіні ережені қайта бұзғаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі, көлік құралының иесіне ереже бұзудың тарихы ескерілмей айыппұл жазылады. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде елемейтін, жол тәртібін қасақана бұзушыларға жол жүрісі қағидалары бойынша емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу мүмкін емес. Сонымен қатар, техникалық құралдар ережені бұзу дерегін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жол ережесін өрескел бұзу мен қауіпті әрекетке бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді, — дейді. Сондай-ақ, ол кейбір қалтасы қалың көлік жүргізушілері айыппұлды жауап-кершіліктен қашудың тетігі ретінде қарайтынын да жеткізді. Мысалы, Алматыда бір жүргізуші бір жылда 3 млн теңгеден астам соманың айыппұлын төлеп, 143 рет ереже бұзғаны анықталған көрінеді.

Сенатор жол апатының алдын алу жұмысын күшейту үшін мұндай жүргізушілерді сынақты қайта тапсыруға жіберу керектігін, тіпті қажет болған жағдайда оларды жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды.

— Әсіресе, техникалық құралдар тіркеген ереже бұзу дерегі бойынша жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарауды ұсынамыз. ӘҚБтК-дегі өзгерістерде техникалық құралдар тіркеген 10 және одан да көп ереже бұзу дерегі бар жүргізушілерді жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуді міндетті ету маңызды. Камералар тіркеген жол қозғалысы ережесін қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет, яғни жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға дейін жазалануы керек. Заң талабын бұзатындарға белгілі бір кезеңдегі тәртіп бұзу санын ескеретін сараланған жаза тетігін әзірлеу және ережені жүйелі түрде бұзатындарға айыппұл төлеуде 50 пайыз жеңілдікті алып тастау маңызды, — деді Марат Қожаев.

Депутаттың бұл ұсынысына қатысты әркім әртүрлі пікір білдіруде. Солардың бірі – Ақсу қаласының тұрғыны, көлік жүргізушісі Нұртілек Айдос:

— Айыппұл төлеудегі 50 пайыз жеңілдікті алып тастау керек деген пікірмен мүлдем келіспеймін. Себебі, бүгінгідей қымбатшылық заманда бұл жағдай қарапайым халықтың қалтасына үлкен салмақ түсіретіні сөзсіз. Ешбір адам «айыппұл төлейін» деген оймен әдейі ереже бұзбайды. Ойламаған жерден қателесіп, айыппұл арқалап өкініп жататындар өте көп. Шыны керек, отбасын асырап, несиелерін жабу үшін жұмыстан кейін де тыным таппай таксист болып істеп, нәпақасын тауып жүретін азаматтар аз емес. Адам болған соң олар да қателеседі. Сол үшін айыппұлды қаптатып, халықтың жағдайын ауырлатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оған біреудің шамасы жетеді, енді біреу қиналып қалуы мүмкін. Соның салдарынан отбасы зардап шегеді. Яғни, отағасы бар тапқанын айыппұл төлеуге жұмсаса, балашағасының жағдайы не болады? Әрине, тәртіпке бағынған құл болмайды. Десе де, мәселе айыппұл мөлшеріне қатысты болғанда, әбден зерттеп, елдің әлеуметтік жағдайын ескеріп, содан кейін ғана шешім қабылдаған жөн, — дейді. Ал облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Бақберді Абраев бүгінде елде айыппұл салу оқиғалары өте көбейіп кеткенін айтып, бұқара үшін алаңдайтынын жеткізді.

— Халыққа айыппұл көп салынып жатыр. Мәселен, мен жастарды полиция органдарына қызметке қабылдау жөніндегі комиссия отырысына қатысамын. Сонда бір өзі 20-30 айыппұл алған жастар келіп жатады. Егер олардың ата-анасы да көлік жүргізіп, осыншама айыппұл арқалаған жағдайда бір отбасы 50-60 төлем жасай ма? Бұл өте қиын жағдай ғой. Әрине, әркім ереже бұзбай, тәртіпті сақтауы тиіс. Дегенмен де, бюджетті толтырғанның жөні осы екен деп қарапайым ел-жұртты қанап, шүйліге беруге болмайды. Одан да мемлекет қазынасын миллиондап, миллиардтап ұрлаған лауазымды тұлғаларға деген талапты күшейту керек. Олар 1-2 жыл шартты түрде жазасын өтей салып, шығып кетіп жатады. Соларға қатаң шара қолдану қажет, — дейді Бақберді Балтабайұлы.

Білім беру саласының ардагері Әмина Мұратова халықтың қауіп-сіздігі үшін айыппұл төлеудегі жеңілдікті алып тастаған орынды деген пікірде.

— Көшеге шықсақ, адамнан көлік саны көп екенін байқаймыз. Жол апаты да жиілеп кетті. Соның салдарынан бүкіл отбасымен опат болып жатқандар баршылық. Мүгедек болып қалғандар қаншама?.. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қатал тәртіп орнатқан жөн. Оның бір жолы – айыппұл көлемін көбейту. Сонда ғана жүргізушілер ереже бұзбай, ешкімнің өміріне қауіп төндірмей жүреді деп ойлаймын. Қатаң тәртіп болғанда ғана нәтиже шығары сөзсіз. Ал ананың-мынаның жағдайын ойлап отыра берсек, мәселе ешқашан шешілмейді. Біреудің кесірінен өзгелер жапа шекпеуі тиіс, — дейді көпті көрген ұлағатты ұстаз.

Сонымен, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Ел арасында екіұдай пікір тудырған мәселенің шешімі қалай болатыны уақыт еншісінде.

Нұржайна ШОДЫР.