Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды баспанамен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Өткен аптада Кемеңгер ауылында кезегі келген әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасылар жаңадан салынған баспанаға қол жеткізді.
Қоныстойдың салтанатты жиынында тұрғын үй кілттерін табыстап, аудан әкімі Дидар Ибраев құттықтау сөз сөйледі. Айтуынша, қазіргі таңда ауданның инфрақұрылымы дамып, көркейе түсуде. Үкіметтің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде, оның ішінде Павлодар ауданында тұрғын үй мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.
— Тұрғын үй мәселесін шешу – жергілікті атқарушы органдар үшін ең күрделі, бірақ ең маңызды сұрақтардың бірі. Облыс әкімінің қолдауымен Павлодар ауданына қарасты Кемеңгер, Набережное және Шақат ауылдарында 7 екі пәтерлі үй салынды. Бүгін алғашқы алты пәтердің кілті табысталды, ал келесі аптада тағы 8 отбасы жаңа баспанаға ие болады. Бұл бағыттағы жұмыс Павлодар ауданының басқа ауылдарында да жалғасады, — деді аудан басшысы.
А.МҰҚЫШЕВ.