Ұлттық өнерді ұлықтады

Ақп 20, 2025

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында аудандағы көркем еңбек пәнінің ұстаздары шеберлік сағатын өткізіп, оқушыларды ұлттық өнерге баулыды.

Жамбыл орта мектебінде өткен шарада арнайы көрме ұйымдастырылып, мұғалімдер мен оқушылар назарына тоқыма, ағаштан жасалған ұлттық бұйымдар, құрақ көрпе, ат әбзелдері ұсынылды. Оқушылар көркем еңбек сабағында алған білімдерін ортаға салып, жүн түтті, кесте тоқыды, құрақ көрпе тікті.

— Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ұрпаққа аманат етуде осындай шаралардың маңызы зор. Ауданымыздың әр ауылынан келген көркем еңбек ұстаздары өз тәжірибелерімен бөлісіп, шығармашылықтарын ортаға салды. Көрмедегі ұлттық бұйымдар көздің жауын алады. Киіз басу, жүн түту сынды өте сирек қолданылатын ұлттық өнерімізді оқушыларымыз үйреніп жүргеніне риза болдық, — дейді мектеп кітапханашысы  Жанар Қайырбекова.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.