Ардагерлерге — ақшалай тарту

Ақп 20, 2025

Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай павлодарлық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ақшалай тарту жасалмақ.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, Жеңіс күні қарсаңында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан павлодарлық көзі тірі 7 ардагердің әрқайсысына бірреттік 5 млн теңге көлемінде қаржы төленеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жеңіске жетуге үлес қосып, елге еңбегі сіңген өзге де санаттағы тұлғаларға бірреттік сыйақы ұсынылмақ.

— Соғыс қатысушыларына біржолғы төлемдер 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін көбейді. Сондай-ақ, соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлер, басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін, Ленинградты қорғағаны үшін азаматтарға 60 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін, тыл еңбеккерлеріне 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақшалай төлем жасалады, — дейді басқарманың бас маманы Венера Демеубаева.

Айта кетерлігі, облыс бойынша осындай төлемдерді 3700 адам алатын болады.

Нұржайна ШОДЫР.