Биыл облыс орталығындағы 20 көшенің жолдарына орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Ауқымды жұмыс барысында жалпы аумағы 48 шақырымнан астам автомобиль жолы қамтылады. Ағымдағы жылы асфальт жабынын ауыстырудан бөлек, жаңа технология бойынша қиыршық тас — мастикалық асфальтобетон қолданылмақ.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығындағы бірқатар көшені аралап, биыл жөнделуі тиіс жолдардың жоспарын бекітті. Аталған жоспар бойынша, 2025 жылы жалпы ұзындығы 50 шақырымға жуық 20 көшенің жолы жөнделмек. Бұл туралы шаһар басшысы өзінің Instagram парақшасында жазды.
— 2025 жылы облыс әкімінің қолдауымен 20 көшенің жолдарына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл – тозығы жеткен аумақтар. Олардың ішінде: Қамзин, Абай, Геринг, Ледовской және басқа да көшелер бар. Биыл асфальт жабынын ауыстырудан бөлек, жаңа технология бойынша қиыршық тас — мастикалық асфальтобетон (ҚМА) қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл технология жоғары беріктігімен, механикалық әсерлер мен климаттық жағдайларға төзімділігімен ерекшеленеді.
Қамзин көшесінде ертеден келе жатқан мәселе бар. Онда жер асты суларының деңгейінің жоғары болуына байланысты асфальт жабыны тез бұзылады. Осыған орай, биыл жөндеу жұмыстарына дейін жер асты суларын бұру үшін темірбетонды науалар орнату жоспарлануда, — деп жазды ол әлеуметтік парақшасында.
Сонымен қатар, қала әкімі тұрғындардан жолдардағы құдықтардың шөгіп, автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудыратыны туралы шағымдар келіп түскенін айтып, осы жылы шамамен 200 құдықты механикалық және температуралық жүктемелерге төзімді «қалқымалы» люк-терге ауыстыру жоспар-ланып отырғанын жеткізді. Бұл ретте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қала жолдарына мониторинг жүргізіп, құдықтарды ауыстыру қажет учаскелерді анықтау тапсырылды. Ең алдымен, көлік қозғалысы қарқынды көшелер тексеруден өтпеді.
Биыл жөндеуден өтетін көшелердің тізімін тарқата кетсек, Малайсары батыр көшесі бойымен Российская көшесі мен Шарбақты көпіріне дейінгі аумақ, сондай-ақ, Сұрағанов көшесінен Минин көшесіне дейінгі Геринг көшесі, Олжабай батыр мен Бекмаханов көшелерінің қиылысынан бастап М.Жүсіп көшесі, Жаяу Мұса көшесінен Ладожская көшесіне дейін, Жібек жолы көшесінен Космонавтов көшесіне дейін, Аймауытов көшесінен Российская көшесіне дейін, Нұрмағамбетов көшесінен Лермонтов көшесінің қиылысына дейінгі Сұрағанов көшесі, Естай, Торайғыров, Елгин, Ермаков, Ледовского, Шевченко, Кұдайбердиев, Павлов, Абай, Гагарин көшелері бар.
Бүгінгі таңда қала әкімінің тапсырмасымен тұрғындардың өтініштері ескеріліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі магистральді көшелерге тексеріс жүргізді. Нәтижесінде жөндеуді қажет ететін учаскелер анықталып, жұмыстар қолға алынды. Атап айтсақ, қазіргі уақытта жол жөндеу жоспарына сәкес, Н.Назарбаев даңғылының Торговая көшесінен бастап Торайғыров көшесіне дейінгі аралығына асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бұл мақсатта төмен температурада төсеуге жарамды мак асфальт қолданылуда.
Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жол жөндеу секторының бас маманы Дамир Батаевтың айтуынша, мак асфальт минус 10 градусқа дейінгі температурада да жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстары ауа райының қолайлылығына қарай күн сайын жүргізіліп отырады. Ал толыққанды жөндеу көктемде, күн жылынған соң басталмақ.
— Бұл – алдын ала жүргізіліп жатқан жұмыстар. Ал негізгі жөндеу көктемде басталады. Қазірдің өзінде Академик Сәтбаев – Толстой көшелерінің қиылысында, Абай – Луначарский көшелерінде, сондай-ақ, Естай көшесі мен Назарбаев даңғылының бойында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 100 тоннаға жуық мак асфальт қоры дайындалған. Жұмысқа 10 адамнан тұратын бригада жұмылдырылды, — дейді ол.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.